Тиімді әріптестік жалғаса береді

511

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш және оның орынбасары Виталий Времишпен кездесті. Аймақ басшысы мейманға уақыт тығыздығына қарамастан өңірге келіп, кезекті Ерікті ұлттық шолудың  талқылауына қатысқанына ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, Қызылорда облысы біраз жылдан бері БҰҰ Даму бағдарламасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегенін және аймақ дамуына өзіндік үлес қосқанын атап өтті.

– Осы жылдары аграрлықтан индустриялық-аграрлық өлкеге айналдық. Экономикамызға 4 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. Жалпы өңірлік өнімдегі өндірістің үлесі 1991 жылғы 11%-тік көрсеткіштен 30%-ке, ал ауылшаруашылық үлесі соңғы 10 жылда 3,9%-тен 6,3%-ке артты. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 8 млн шаршы метрге жуықтады. Біздің облыс тұрғындарды орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамту бойынша республикада алдыңғы көрсеткіштерге ие. Ол 97%-ке жетіп отыр, тұрғындардың 67%-і табиғи газ пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізді, – деді облыс басшысы.

Осы жылдары аймақта демографиялық ахуал жақсарған. Соған орай тұрғындар саны 592 мыңнан 827 мыңға жетті, ал өмір сүру ұзақтығы  8 жылға артты (64,4 жастан 72,79 жасқа).

Облыс әкімі өз сөзінде әлеуметтік-экономикалық даму, жұмыспен қамту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, экология, қоғамдық-саяси ахуал мәселелері әр уақытта да өзекті мәселе екеніне назар аударды.

– Қызылорда жұмыс қолы жеткілікті өңірлердің бірінен саналады. Бүгінде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар. Біз оларды барынша экономикалық айналымға тартуға тиіспіз. Одан бөлек, ерекше назар аударуды қажет ететін көпбалалы отбасылар бар, – деді осы орайда аймақ басшысы. Сондай-ақ жоғары не кәсіби білімі жоқ жұмыссыз жастар айрықша назар аударарлық санат екенін жеткізді.

Елімізде тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда. Біздің облыстың жағдайын ескере отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында қосымша шаралар қабылданып жатқанымен, бұл мәселе өзекті күйінде қалуда. Аймақ басшысы білім беру саласының да өзіндік проблемалары бар екенін атап өтті. Қала мен ауылдық елді мекендердегі білім деңгейі айтарлықтай айырмашылыққа ие. Экология және денсаулық сақтау саласы бойынша да маңызды мәселелер баршылық. Аймақ басшысы БҰҰ өкілімен кездесу барысында су ресурстарымен қамтамасыз етудегі қиындықтардан да хабардар етті. Биыл да күрделі ахуал қалыптасуы ықтимал. Аймақ тұрғындарының басым бөлігі ауылдық елді мекендерде тұратындықтан, алаңдаушылыққа негіз бар.

Сөз соңында аймақ басшысы облыстың 2021-2025 жылдарға арналған Даму бағдарламасына  БҰҰДБ тарапынан жүргізілген кешенді бағалауға қызығушылық танытып, аймақтың потенциалы мен даму бағыттары бойынша пікірлерін білгісі келетінін жеткізді.

Якуп Бериш өз кезегінде БҰҰДБ өкілдерінің қатысуымен өткен Ерікті ұлттық шолудың  талқылауы туралы мәлімет беріп өтті. Мұндай талқылаулар Қазақстанның барлық өңір орталықтарында өтеді. Басты мақсат – тұрақты дамудың экологиялық аспектісіне үлес қосатын ұсынымдарға баса назар аудара отырып, «Стокгольм+50» ұлттық диалогты бастау. Қатысушыларға Қазақстанның ұлттық деңгейде айқындалатын үлесін, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын және ұлттық деңгейдегі басқа да саясат пен шараларды жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды мәлімдеуге мүмкіндік беріледі. Талқылау нәтижесі осы жылғы маусымда Швецияның Стокгольм қаласында өтетін халықаралық кездесуде ұсынылып, «Стокгольм+50» жаһандық есебіне кіретін болады.

Айта кету керек, Қазақстан алғаш рет 2019 жылы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Саяси форумында Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша өзінің ерікті ұлттық шолуын ұсынды. Алдағы шілдеде Қазақстан Нью-Йорктегі БҰҰ алаңында өзінің екінші Ерікті ұлттық шолуын ұсынады.  Жалпы, Ерікті ұлттық шолулар елдер арасында тәжірибе алмасу үшін қажет.

Мұнан соң Я.Бериш жоба ретінде аймақта жүргізілген жылдам кешенді бағалау нәтижелерін таныстырды және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы ұсыныс айтты. Тараптар өңірдегі әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге бағытталған бірлескен жобалар бойынша, соның ішінде жұмыссыз жастарды қолдау, «жасыл» бизнесті дамыту және әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша қолдау туралы келісті.

Кездесу соңында аймақ басшысы БҰҰДБ өкілдеріне тиімді әріптестік аясын одан әрі кеңейтіп, нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<