Тиімді тәсілдер талқыланды

552

0

Дін мәселесі бойынша өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен «Діни экстремизм көріністерінің алдын алудағы ақпараттық-түсіндірме шараларын жетілдіру жолдары» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өтті.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов іс-шараның мақсаты жайлы айтып өтті.

– Қазір қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отырған қарапайым халық пен түрлі дін ұстанушылар арасында  қарама-қайшы түсініктердің алдын алу, сонымен қатар, жат ағымдарға еріп, өмірлік қиындықтарға душар болған жандарға психологиялық көмек көрсетіп, әлеуметтік тұрғыда қолдау білдіру – басты міндеттің бірі, – деді ол.

Семинарда деструктивтік діни ағымды ұстанушылармен жұмыс жасаудың тиімді әдіс-тәсілдері жайлы айтылды. Сонымен бірге оларға кеңес беріп, көмек көрсету үшін практикалық дағдыларды әзірлеу бойынша тренинг жүргізіліп, жиынға қатысушыларға жан-жақты түсініктеме берілді. Жат ағымның жетегіне еріп жаза басқан жандарды қоғамға қайта бейімдеу бағытында атқарылатын жұмыстар жайы талқыланды.

Жиында баяндама жасаған Ақтөбе облысының «Ихсан» орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Мейірбек Қалманов, Павлодар қаласы деструктивті және экстремистік ұйымдар бойынша психолог-сарапшы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлназ Раздықова қатысушылармен кеңірек пікірлесіп, сауалдарына жауап берді.

Екі күндік семинар-тренингке облыстық дін мәселелері жөніндегі өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, мешіт имамдары, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің жауапты мамандары, теологтар қатысты.

«СБ» ақпарат