Тіл мерекесі онлайн өтеді

3169

0

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі онлайн форматта өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова хабарлады.

2018 жылдан бастап Тілдер мерекесі қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5 қыркү­йекте  тойланып келеді. Осы орайда тілдер мерекесін атап өту үшін облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді.

Мекемелер мен ұйымдар карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, түрлі шаралар мен тіл жанашырларын марапаттау жиынын ұйымдастырады. Облыстағы жоғары, арнаулы орта оқу орындарында, мектептерде, мектепке дейінгі мекемелерде мерекеге орай онлайн ашық сабақтар, сайыс­тар өткізіледі. Кітапханаларда «Туған тілім – тірлігімнің айғағы», «Тіл – асыл қазына» тақырыбында онлайн кітап көрмесі мен бейнелекциялар жүргізіледі.

Сонымен қатар оқушылар арасында облыстық «Тіл мерейі – ел мерейі» атты онлайн мәнерлеп оқу және «Шешеннің тілі – шебердің бізі» атты полиглоттар байқауы қашықтан өтсе, өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «1001 мақал, 101 жұмбақ» интеллектуалды онлайн сайысында үміткерлер бақ сынайтын болады. Сондай-ақ, «Тілдер әлеміне саяхат» зияткерлік ойы­ны, ересек тіл үйренушілер арасында «Туған тілге төрден орын берейік!» онлайн марафоны, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты үш тілде өлең оқу челленджі мен «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік онлайн концерт көпшілік назарына ұсынылады.

Мереке аясында «Тілді сүю – талбесіктен» акциясы, тіл жанашырларының қатысуымен дөңгелек үстел және көп тілді меңгерген жастар арасында сұхбат өткізіледі. Қала мен аудандарда да мұндай іс-шаралар жалғасын табатын болады.

Барлық іс-шаралар әлеуметтік желілерде #5QYRKÚIEK  #TİL MEREKESİ хэштегтерімен жарияланады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<