Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыған орай, «Достық үйінде» «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль өтті.
Шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің идеология жөніндегі орынбасарлары, қалалық, аудандық мәдениет және спорт, қоғамдық даму бөлімдерінің басшылары, тіл мамандары, аймақтағы зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, оқу орындары басшылары, этномәдени бірлестік өкілдері, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Фестиваль «Тіл білімінің атасы» атты бейнероликпен ашылды. Одан соң «Ахмет Байтұрсынұлының монологы» атты арнайы әзірленген прологпен жалғасты.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов құттықтау сөз сөйлеп, облыстағы тіл жанашырлары мен сала мамандарын облыстың Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, Тіл саясаты комитетінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
«Алтын домбыра» иегері М.Ниязов Қырғыз елінің егемендігі мерекесі аясында ақын Молдо Нияз Эрназар Уулунун 200 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алған еді. Осы ретте, жерлесіміздің лайықты жеңісі және алған марапатымен құттықтай отырып, аймақ басшысының ұлт тілін ардақтаудағы ерекше үлесіне арналған Алғыс хаты табысталды.
Бұдан соң Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы С.Аңсат сөз сөйлеп, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, тілдерді дамыту бағытында атқарған жұмыстары мен жетістіктері үшін түрлі сала ұжымдарына номинациялар табыстады.
«СБ» ақпарат





