Тіл үшін күрес – күрестердің ұлысы

528

0

Мемлекеттік тіл мәртебесін биіктетіп, өрісін кеңейту өңірлердегі тіл оқыту орталықтарына тікелей байланысты. Осы орайда аймағымызда жүзеге асырылып жатырған жұмыстар жөнінде облыстық тілдерді оқыту орталығы директоры Мартана Дәулетбаевамен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Мартана Қонысбекқызы, әңгімені оқыту орталығынан бастасақ…

– ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып келеді. Орталықта қазіргі таңда барлығы 38 адам бар, оның 21-і аудандарда жұмыс істейді. Орталықтың негізгі мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ету. Сондықтанда мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында іс-шаралар мен ұйымдастыру жұмыстарын жүргіземіз. Алдағы уақытта жұмыс ауқымы кеңейетін болады.

– Нақты кезеңде мемлекеттік тіл мәртебесін кеңейту мақсатында қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Орталықтың негізгі миссиясы – ересек тұрғындарға тілдерді оқытып-үйрету. Бізде қазақ, ағылшын және орыс тілдері курстары жүргізіледі. Бүгінде әлем тілі саналатын ағылшын тіліне деген сұраныс өте жоғары. Әсіресе, магистратура мен «Болашақ» стипендиясы бойынша білім алуға үміткерлер ағылшын тілі деңгейін көтеру үшін көптеп келеді. Оқу орталығының әлеуметтік парақшасы арқылы «Қатесіз жаз!», «Сауаттылық әліппесі», «Сөзтүзер» ақпараттық айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді.

– Этномәдени орталық қызметкерлерімен байланыс бар ма?

– Әрине, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен әріптестік тығыз байланыстамыз.  Этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге құрметін арттыру, қазақ тілін еркін меңгерген этнос жастарын ынталандыру және тілдерді дамыту бағытында  бірлескен шаралар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, орталық тарапынан әдістемелік көмектер көрсетіліп тұрады.

– Көшедегі көрнекі жарнамалар мен қоғамдық орындардағы қате аудармаларға тіл орталығының құзыреттілігі қандай?

– Қате жазылған жарнамалар мен ақпараттарды анықтап, әдістемелік көмек көрсетіп тұрамыз. Қала, аудан көшелерінде көрнекі ақпараттардың орфографиялық, стильдік жағынан дұрыс жазылуын тексеру мақсатында құзырлы орындармен және БАҚ өкілдерімен рейд жүргізіліп тұрады.

– Мемлекеттік мекемелерде тілдің қолданыс аясына қатысты сын әлі де баршылық. Ойыңызбен бөліссеңіз.

– Дұрыс айтасыз, сын бұрын да болған, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі күшеймей, бола да береді. Ұлттың ұлт болып сақталуы үшін ең бірінші – тілімізді жоғалтпауымыз керек. «Тіл үшін күрес – күрестердің ұлысы» демекші, құлдық сана өзгермей, бұл күрес ешқашан тоқтамақ емес. Ең алдымен, әрбіріміз қазақ тілінің жер бетінен жоғалып бара жатқан тілдер қатарына түспеуіне үлес қосуымыз керек. Орталықтың ұйымдастыруымен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге іс қағаздарының дұрыс жазылуы мен толтырылуы бойынша арнайы оқыту курстары жүргізіліп, курсты жақсы көрсеткішпен аяқтаған тыңдаушыларға сертификат табысталады. Сондай-ақ, жұмыс барысында тілге байланысты туындаған сұрақтарына, аудармамен әдістемелік көмек көрсетіліп тұрады.

– Қазір әлеуметтік желінің дәуірлеп тұрған кезі. Желіде отырған кісілерді сауатсыз деуден аулақпыз. Бірақ сауатсыз жазу үрдіс алып бара жатқан жоқ па?

– Әлеуметтік желідегі қазақ тілі мәселесі бұрын да айтылып жүр. Қазір ақпараттық технология дамыған заманда әлеуметтік желі Фейсбук, мессенджер, ең көп қолданыстағы ватсап, инстаграм желілерінде қазақ тілінде қате, сауатсыз жазу өзіңіз айтқандай белең алып тұр. Бұл адамдарды білімсіз деу емес, қысқаша жазу барысында тіліміздің шұрайы жоғалып, сөздер қысқарып барады. Кейде не жазылғанын жобалап түсініп жатамыз. Сондай-ақ, әдеби нормада сөйлеу де назардан тыс қалып барады. Тіл тазалығын сақтап, жазу стилін жоғалтып алмағанымыз абзал. Бұл да – тілімізге төнген қатердің бірі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<