Тіл – ұлттың рухани байлығы мен болашағы

78

0

фото: ашық дереккөз

Кез келген халықтың мәңгі сақталып қалуы – оның ұлттық тілінің өміршеңдігімен тығыз байланысты. Тіл – ұлттың рухани қазынасы, мәдениеті мен болмысын сақтайтын ең басты құрал. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту жолында маңызды қадамдар жасалды.

1989 жылы 22 қыркүйекте қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, «Тіл туралы» заң қабылданды. Ал 1995 жылы қабылданған Ата заңымыздың 7-бабында «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» ретінде айқындалды. Одан кейін 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң арқылы республика аумағындағы барлық тілдерге құрметпен қарау қамтамасыз етіліп, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі бекітілді.

Алайда, егемендік алғанымызға отыз жылдан асса да, қазақ тілі әлі де кеңес заманынан қалыптасып қалған орыс тілінің ықпалында қалып отырғаны шындық. Қазақ тілі елімізде «аса қажеттілікке» айналмай, мемлекеттік мәртебеге лайықты деңгейде қоғамның барлық саласында толыққанды қолданылмай келеді. Бұл жағдай мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтіруде.

Қазақ тілі – әлемдегі ең бай, көркем тілдердің бірі. Қазақ әдебиетінің жауһар туындылары, ұрпақты тәрбиелейтін дана сөздер мен жырлар, халқымыздың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтары осы тілде сақталып келеді. Кеңес өкіметі кезіндегі солақай саясат қазақ тілінің дамуына елеулі әсер етсе, қазіргі қоғамда қазақ тілінің мәртебесін арттыру – әрбір азаматтың міндеті деп білемін.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деген болатын. Мемлекет бұл мақсатта барлық жағдайды жасап келеді. Демографиялық тұрғыдан қазақ ұлтының басым болуы да қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуын қолдайды.

Көптеген елдерде мемлекеттік тілді білу заң бойынша міндеттелген. Біздің «Тіл туралы» заңымызда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп көрсетілген. Яғни, тіл меңгеру міндетті емес, тек «парыз» ретінде қарастырылған. Мемлекеттік тілдің рөлін күшейту үшін «Тіл туралы» заңға өзгерістер енгізіп, қазақ тіліне қатысты жауапкершілік белгіленуі керек деп есептеймін. Әлемдегі жеті түркі мемлекетінің алтауы өз тілінде ел басқарып, қарым-қатынасты ана тілінде жүзеге асыруда.

Тәуелсіздік бізге санымыз бен рухымызды арттырды, тіліміздің тұғырын биіктетуге жол ашты. Қадыр Мырзалиевтің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзі қазіргі қоғамда да маңызын жоғалтқан жоқ. Әрбір қазақстандық қазақ тілінің мәртебесін көтеруге өз үлесін қосса, ана тіліміз еліміздің болашағы үшін қызмет ететіні анық.

Халқымыздың «Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың. Қай тілде ойласаң, сол тілдің жанашырысың», «Өсер ел алдымен тілін қадірлейді» деген даналық сөздері жадымыздан шықпауы тиіс.

Э. Сматова

Қызылорда облысының

Әділет департаментінің бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<