Тіл – ұлттың тұғыры, елдіктің өзегі

622

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ең алғаш 1989 жылы 22 қыркүйекте елімізде «Тілдер туралы» заң қабылданып, 1998 жылдан бастап осы күн мереке ретінде тойланып келген болатын. Ал 2017 жылдан бастап Үкімет қаулысымен, «Тілдер күні» 5 қыркүйекке ауыстырылды. Ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген бұл күні елімізде Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аталып өтеді.

Қазақстан халқы тілдері күні облыс көлемінде кең ауқымда аталып өтеді. Айталық, онкүндік аясында ұйымдастырылып отырған мерекелік бағдарламаларда тілдің қоғамдағы орны мен маңызын насихаттайтын мәдени-танымдық кездесулер, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер мен жастарға арналған түрлі байқаулар өткізілуде.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында БАҚ өкілдерімен кездескен облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ облыстық филиалының төрағасы Абайбек Жүнісов аталған мерекенің түпкі мазмұнына тоқталып,  тілге деген құрмет әрбіріміз үшін адами борыш екенін атап өтті.

– Биылғы Тілдер мерекесі хал­қымыздың рухани дамуы мен мәдени мұрасын ұлықтауда аса маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Атап айтар болсақ, биыл қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Тәуелсіздігіміздің тірегі – ҚР Конституцияның 30 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Мұның барлығы тіліміздің мәртебесін, ел бірлігінің берік негізін айқындайтын аса маңызды оқиғалар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жол­дауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында мемлекеттік тіл мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Президенттің «Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қарым-қатынас тіліне айналады» деген сөзі – баршаға үлкен бағдар. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың тұғыры, елдіктің өзегі, болашаққа аманат.

Тілдер мерекесі – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің ортақ мейрамы. Бұл күні әркім өз ана тіліне құрмет көрсетіп, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосудың маңыздылығын сезінеді. Осы мақ­сатта облыста арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, 2-11 қыркүйек аралығында онкүндік жарияланды. Оның алғашқы күні «Тіл болашағы балабақшада» тақырыбымен бас­талып, бүлдіршіндерге арналған акциялар өтті. Ал негізгі салтанатты жиын 5 қыркүйек күні «Достық үйінде» ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, онкүндік аясында шығарма, эссе, бейнероликтер байқаулары, дөң­гелек үстелдер, көрмелер, пікірталастар мен мәдени шаралар өткізіледі. Әрбір күнге мазмұнды тақырыптар бекітілген. Жалпы, тіл саясатын жүзеге асырудағы жұмыстар тек мереке аясында ғана емес, жыл бойына үздіксіз жалғасады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны ғылым мен білімнің тіліне айналдыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі, –деді Руслан Мұхамедәліұлы.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ облыстық филиалының төрағасы Абайбек Жүнісов бұл мереке еліміздегі әрбір азаматтың ана тіліне, мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруға, көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған аса маңызды күн екенін айтып, бұл орайда филиал тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды назарға ұсынды.

– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы мемлекеттік тілдің қол­данылу аясын кеңейтуге, мәртебесін арттыруға және жастарға ұлттық құнды­лықтарды дәріптеуге ерекше назар аударып келеді. Осы мақсатта жыл басынан бері өңірде көптеген мәдени-рухани, танымдық іс-шара­лар ұйымдастырылды. Әсіресе, мектептер мен жоғары оқу орын­дарында түрлі байқаулар, әдеби кештер, шығармашылық кездесулер өткізілді. Сондай-ақ тілдің қо­ғам­дағы рөлін арттыруға бағытталған дөңгелек үстелдер, ғылыми-прак­тикалық конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылып, зия­лы қауым мен жастар арасында қызу пікір алмасулар жүргізілді. Жыл бойы атқарылған іс-шаралар мем­лекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, ұрпақ санасында ұлттық құн­ды­лықтарды бекітуге, жастардың рухани танымының артуына айрық­ша үлес қосып отыр. Сонымен қатар этностар арасындағы татулық пен өзара түсіністікті нығайтуға да ықпал етуде.

Биылғы мереке аясында И.Әбді­кәрімов атындағы политех­никалық жоғары колледжінде «Бір шаңырақ астында көп тіл, ортақ жүрек» атты тілдер фестивалі өтеді. Бұл фестивальде ұлттық мәдени көрмелер, әр ұлттың салтанатты шеруі, концерттік бағдарламалар ұсынылып, ән-жыр орындалады. Бұл – көпұлтты еліміздің бай рухани мұрасын танытып қана қоймай, жас буынның бойында достық пен сыйластық құндылықтарын қалып­тастыруға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі және алдағы шаралардың барлығы мемлекеттік тілді дамытуға, жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған игі істердің жалғасы болмақ. Алдағы уақытта да Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді, – деді Абайбек Талғатұлы.

Жиын соңында журналистер сауалына жауап берген спикерлер мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шаралар тек атаулы күнде емес, жыл бойы тұрақты түрде жалғасын табатынын айтты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»