Тіл жанашырлары тұғыр биігінде

397

0

Қызылордадағы «Достық үйінде» 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тілі бірдің тілегі бір» атты мерекелік шара өтті. Жиналған көпшілікті облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов құттықтады.

– Қазақстанның тіл саясатында толерантты тілдік орта қалыптастыра отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жоғары басымдыққа ие. Елімізде қазақылықтың қаймағы бұзылмаған әрі қазақ тілін қолданушылардың көптігімен ерекшеленетін облыстың бірі – Сыр өңірі. Түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді еркін меңгеріп қана қоймай, оны қызметте, өзара қарым-қатынаста қолдануы үйлесімді тіл саясатын қалыптастыруға септігін тигізіп келеді, – деді ол.

Басқарма басшысы қазақ қоғамының рухани құндылықтарын нығайту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өткен жылдың соңында облыс әкімдігінің қолдауымен «Тағам атауларының сөздігі» жарыққа шықты. Әдістемелік құрал ел аумағында оң бағаланып, өңірлерге таратылды. Өткен жыл қорытындысымен шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдар бойынша 99,8% болып, облыс республикада өңірлер арасында алдыңғы орынға шықты. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы Президент тапсырмасына сәйкес және биылғы «Руханият жылы» аясында жергілікті жастар арасында «Тіл айлығы» жарияланып, түрлі форматта шаралар ұйымдастырылды. Оған «Қазақ тілі» қоғамы ұйытқы болғанын айтуға тиіспіз.

Жиын барысында тіл жанашырлары мен сала мамандары облыстың Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Одан бөлек, түрлі номинация бойынша үздіктер аталды. Олардың қатарында облыстық «Qyzylorda» телеарнасының «Қоңыр әңгіме» хабарын жүргізушісі Н.Мансұров, Сырдария аудандық №12 өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы З.Жидкова, «Тіл сақшысы» газетінің ұжымы, Қазалы өндірістік цехы, «Күнекей» балабақшасы, қалалық орталық емхана, «Дәстүр» отбасылық кешені бар. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған бірқатар азаматқа облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагер» төсбелгісі табысталды.

Салтанатты шара мерекелік шашу ретінде әзірленген концерттік бағдарламаға ұласты.

Назерке САНИЯЗОВА

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<