Тілді қастерлей біл

1093

0

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың,елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын жарқыратуымыз керек. Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі.

 «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы-тіл. Тіл-халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі-ұлттың мәселесі. Тілді өркендету –баршаның ісі. Тіл тек қарым қатынас құралы емес, ойлаудың, дүниетанымның,рухани мәдениетті жасаудың, ұлттық ұжымдық тәрбиесін жинақтаудың құралы және ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа жолдауында да басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға басты назарда ұстау болып келеді.

Соның айқын дәлелі – өткен жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.

Бұған дейін «Тіл туралы» Заң бойынша көрнекі ақпараттарды жазуда мемлекеттік және орыс тілдерін қатар қолданылып келген еді. Енді өзгеріске енген жаңа Заңмен тек мемлекеттік тілді қолдану міндеттеледі. Бұл жайында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова толық ақпарат берді.

Жалпы, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейтуде көрнекі ақпарат тілінің алатын орны ерекше. Өзгеріске енген «Тіл туралы» Заңның 19-бабына әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атауларын мемлекеттік тілде жазу туралы айтылған. Бұған дейін бұл атаулар мемлекеттік тілде және басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлген болса, қазіргі Заң нормасы атаулардың тек мемлекеттік тілде жазылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Заңның 21-бабында көрнекі ақпараттар қазақ тілінде қатесіз жазуға міндеттейді. Яғни, көрнекі ақпарат мәтіндерінің түпнұсқа мағынасын сақтап аудару талабы қатаң ескерілуі тиіс.

Сонымен қатар 21-бапта мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мен бланкілерін мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс немесе басқа да тілдерде жазу туралы өзгерістер енгізілді. Ал, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгеріссіз жазылады. Заңға енгізілген бұл нормалар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың деректемелер мен көрнекі ақпараттарының жазу тілін нақтылайды.

Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Ерлан Жетпісбайұлы,

Қызылорда қалалық сотының

Бас маман-сот отырысының хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<