«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген дана Абайдың сөзі қай заманда да өміршеңдігін жоймайды. Себебі заман талабы сондай, біліммен ғана бәсекеге түсіп, біліммен ғана алға оза шабуға болады. Балаларымызды білім нәрімен сусындататын мұғалімдер мен білім ордаларына бүгінде Үкіметтен қолдау көп.
Тарыдай болып келген бала таудай болып сол мектептен он бір жыл білім алып шығады. Әрі қарай оның кемел тұлға болып қалыптасуына, алға қойған мақсатына жетуіне сол мектепте берілген білімнің ықпалы зор. Қызылорда қаласындағы іргелі білім ошақтарының бірі Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы ой бөліскім келеді.
Білім ордасы 2010 жылы пайдалануға берілгеннен бастап мектепке елге танымал ұстаздар басшылық жасады. Бүгінде ұжымды мектеп өміріне тың жаңалықтар енгізумен дараланып жүрген Бек Сұлтанбекұлы басқарады. Басшылыққа келгелі аз ғана уақыт болса да мектеп өмірінде елеулі жаңалықтар орын алуда, яғни ілгерілеушілік бар.
Бұл мектептің бір ерекшелігі, оған қаламыздың шет аймағында орналасқан саяжай мен елді мекендерден көптеген оқушы қатынап оқиды. Әрине, бала қауіпсіздігі қашанда басты назарда.
Мектеп директорының бастамасымен бала бағбандары жыл сайын түрлі конкурстарға қатысып келеді. Нәтижесінде білім ошағы «Мектепті автобуспен жабдықтау» жобасын жеңіп алды. Осы жобаның демеушісі Жапон елінің «Шөп тамыры» бағдарламасы негізінде білім ошағына жаңа автобус сыйлады. Сонымен қатар, өткен жылы физика-астрономия бағытындағы мектеп статусын иеленіп, облыстың жеті ауданынан мектеп-лицейге қарасты тірек мектептер ашылды.
Бұл – осы аудандардағы физика пәні мұғалімдерінің білімі мен біліктілігін жетілдіру, теория жүзінде ғана емес, практикалық негізде зерттеу жұмыстарын жасауға бағыт-бағдар беру деген сөз.
– Биыл осы тірек мектептерге байланысты арнайы іс-шара жоспары жасалды. Осы қазан айында барлық ауданнан физика пәнінің мұғалімдерін шақыртып, мектебіміздің ұстаздары өз тәжірибелерін бөліспекші. Ашық сабақтар көрсетіліп, соңында қатысушыларға арнайы жоспар таныстырылады. Соның негізінде алдағы 9 айда жеті ауданда осындай деңгейде шаралар өтеді. Бұл бағыттағы мақсатымыз – біздің мектеп арқылы аудандардағы білім ұяларында физика мен астрономияны тереңдетіп оқытуды жолға қою, – дейді Б.Сұлтанбекұлы.
Балаларды білімді, тәрбиелі етіп өсіруге ата-ана, мектеп ұжымы және жұртшылық болып жұмыла кіріскенде ғана нәтижелі болатыны белгілі. Қазіргі уақытта ата-аналар жиналысына көп жағдайда шәкірттің анасы келеді. Байыптап қарасақ, бұл да – ойлануға тұрарлық мәселе.
– Отбасы құндылықтарын насихаттау, әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мақсатында бізде «Әкелер мектебі» мүшелерімен кездесу ұйымдастырылып тұрады. Сонда біз әкенің шаңырақтағы орны ерекше екенін, ер баланың тәрбиесінде әкенің рөлі зор екендігіне басымдық береміз. Олармен тек кездесіп ғана қоймай, қарым-қатынасын нығайтатын түрлі сайыстар мен ойындар да ұйымдастырамыз, – дейді мектеп директоры.
«Жақсылық еккен алғыс орады» деген нақылды да қазақ айтқан. Қаншама ұстаз мыңдаған оқушы тәрбиелеп, тың бастамаларға ұйытқы болып келетін білім ошағында жақсы жаңалықтар орнай береді деп сенеміз.
Сандуғаш РАМБЕРДІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<