Тіршіліктің нәрі де, мәні де – Ана

1850

0

Көктем жер ананың оянып, тіршіліктің жалғасатын мезгілі. Қарлығаштың ұя салып, ең алғашқы көк шөптің көрінуі, күн шуағының молынан  түсе бастауы бәрі-бәрі осы мерекеде қатар өрілетін өмір көрінісі. Осынау табиғаттың ерекше кезеңінде әйелдер мерекесінің де қат-қабат келуі заңдылық секілді. Өйткені,  көктем де, ардақты ана да тіршіліктің бастауы.

Сұлулық пен бейбітшіліктің символына айналған әйелдер мерекесі қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова түрлі салада еңбек етіп, қоғам дамуына қызмет еткен нәзікжандылармен кездесті. «Сырдың ару көктемі» тақырыбында өткен басқосуға 30-ға жуық көпбалалы Батыр ана мен еңбек адамдары шақырылды.

Ерге бергісіз қызмет етіп, аналық мейіріммен қоғамға жақсылық тілеп жүрген аналар арасында кран жүргізуші, аула сыпырушы, әскери бөлімнің ефрейторы секілді ерекше мамандық иелері де болды.

Мерекелік кездесуде аймақ басшысы әйел-аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, өңірдің өркендеуіне аянбай үлес қосып жүрген белсенді әйелдер қауымы, іскер әйел-аналар, қыз-келіншектер үшін бұл мейрамның ерекше мәнге ие екенін жеткізді.

– Бүгін аяулы аналарға шынайы алғысымызды білдірсек деген ниетпен жиналып отырмыз. Біздің аналарымыз, аруларымыз тек отбасының ұйытқысы ғана емес, олар – бүкіл қоғамды алға сүйреп, ел ынтымағын нығайтып, несібесін молайтып жүрген қуатты күш.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бала тәрбиесіне қашанда ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз болашақ ұрпақты дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қияға ұшыратын аналарды ардақтай да, аялай да білген. Барлық уақытта халқымыз өзіне ең қымбат ұғымдарды – Отан мен Жер, Тілді – Ана атымен байланыстырған. Өйткені, тіршіліктің нәрі де, мәні де – Ана. 

Сіздер әрқашан иба мен ізеттің, парасат пен пайымның, мейірімділік пен ізгіліктің бастауы болып келесіздер. Бүгінгі күні билік пен мемлекеттік қызметте, республикалық деңгейдегі басқарушы органдарда әйелдер үлесінің артуы – Сіздердің қарымды қабілеттеріңіз бен іскерліктеріңіздің дәлелі, – деді облыс басшысы. 

Өмірлік құндылықтың темірқазығы – махаббат, жанашырлық, жауапкершілік сияқты қасиеттер ең әуелі ананың сүтімен, оның берген тәлім-тәрбиесімен беріледі. Әйелсіз тіршілік те тоқтайды. Дүниеге ұрпақ әкелу миссиясы  аса мәртебелі әйелдерге ғана берілген құдіреттің сыйы. Кездесуде Батыр ана, еңбек және тыл ардагері Күлтай Рыспамбетова сөз алып, сонау қиын-қыстау кезінде де баланы өмірге әкеліп, қоғамның дамуына да үлес қосқанын айтты.

– Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Біз бір ғана отбасының тіршілігімен жүрмедік. Елдің өркендеуіне, дамуына үлес қостық. Тыл игеру жылдарында талай тер төктік. Қиындықтан қашпай, қандай жұмыс болса да білек сыбана кірісіп кететінбіз. Қазір сол еңбектің нанын жеп отырмыз. Алланың берген перзенттерінің барлығы өз отанының тұтқасын ұстап, берекелі өмір сүруде, – деді Батыр ана. 

Құрмет төрінен көрінген әскери қызметшінің анасы Алмагүл Құрманбаева да ел тыныштығы үшін қиындықпен бетпе-бет келген азаматтардың анасына шынайы алғысын білдіріп, «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде ұлынан айырылған аналардың жан-дүниесін жақсы түсінетінін тілге тиек етті. 

– Мұндай кездесуге алғаш рет қатысып отырмын. Қуанышымда шек жоқ. Дүниеге 7 бала әкелген «Алтын алқалы» анамын. Қазір үлкеніміз әскери борышын аман-есен өтеп келіп, осы салада жұмыс істеуде. Ал кішкентайым балабақшаға барады. Жақында «Бәйтерек» елді мекенінен үй берілді. Бұл да балаларымның  несібесі деп білемін. Бейбіт заманда берекелі тіршілік етіп жатқан жайымыз бар, – дейді көпбалалы ана.

Әсерлі басқосуда төл өнерімізді жаңғыртып жүрген жырау Зәуре Кәрібаева, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың анасы Жұмакүл Оңғарбаева ақжарма тілегін жеткізді.

– Біздің аймағымыздың басшысы тарихымыздағы тұңғыш әйел әкім басқаруымен ерекшеленеді. «Сыр – Алаштың анасы» деген жарасымды атағымыз да бар. Мемлекетімізде ана мен балаға жақсы жағдай жасалған. Өзім көп жылдан бері ұстаздық жолда жүрмін. Сондықтан ең алдымен баланың өмірде өз орнын тауып, үлкен жетістікке жетуі үшін әрбір ана іздену керек. Мұхтарымды да, одан кейінгі балаларымды да солай ізденіп жүріп, өсірдім, тәрбиеледім. Балаға салған инвестиция еселеп қайтатынына сену керек. Әсіресе жастар осыны есте ұстаса екен, – дейді.

Ал, «Ел намысы» арнайы мониторингтік тобының жетекшісі Наталья Мишукова, каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай лебізін жеткізіп, меймандарды мерекемен құттықтады.

 Мейірімге толы басқосуда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев аналарға игі тілегін арнап, ілтипат білдірді.

Шуақты сәтті мектеп оқушыларынан құралған өнерпаздар ән-жырмен көмкеріп, аналардың көңіл-күйін көтерді. Ақын Айдар Сайлауов өлең оқып, нәзік жандылардың мерейін бір тасытты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА, «Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<