Мемлекет басшысы 2018 жылдың 19 ақпанында латын графикасына негізделген жаңа әліпби нұсқасына қол қойды. Дәлірек айтсақ, «Қазақ тілі әліпбиін криллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізіліп, қазақ әліпбиі қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылуын мақұлдады.
Мемлекеттік тілді реформалауға қатысты Ұлттық комиссия құрылып, ғалымдар мен тіл саласының мамандары тарапынан тиісті шаралар атқарылды. Әйтсе де, қоғамда қызу талқыға түскен әліпби мәселесі әлі де біршама толықтыруларды қажет ететін сыңайлы. Осы салада тер төгіп жүрген ғалымдардың айтуынша, ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынов енгізген қазақ әліпбиінің заңдылықтарын сақтай отырып, жаңа әліпбиде тіліміздің дыбыс құрамын, үйлесім әуезін, буын тұрқын, тасымал жігін және сөйлеу ырғағы сияқты басты ерекшеліктерін бұзып, жазуға жол берілмеуі тиіс.
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Қызылорда–Ақиқат айнасы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – маңызды белес» тақырыбында ҚМУ-дың Студенттер сарайында өткен республикалық конференцияда осы мәселелер жан-жақты талқыланды.
Айталық, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек сынды ғалымдар тұжырымды ой-пікірлерін ортаға салды. Ал конференцияны Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аман Абасилов жүргізді.
«Қазақ жазуы: төл дыбыс – төл әліпби» тақырыбында баяндама жасаған Әлімхан Жүнісбек ғылыми теориялық негіздемелерге сәйкес жаңа әліпбиде сақталуы тиіс заңдылықтарды атап көрсетті.
– Осыған дейінгі қазақ тілінің заңдылығында екі дауысты дыбыс қатар тұрмайды, буын дауысты дыбыстан басталмайды, сондай-ақ, сөз соңында дауысты буын мен тұйық буын тұрмайды. Демек, жаңа әліпбиде осы аталған заңдылықтар сақталуы тиіс. Олай болмаған күнде төл дыбыстарымыз өзгеріске ұшырап, жазуымыз бұзылады.
Бұл тұрғыда біз ешқандай жаңалық ашып отырғанымыз жоқ, кезінде А.Байтұрсынов ашып кеткен жаңалықты жаңғыртуымыз қажет, – деді ғалым.
Ал филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек «Латын қарпіне көшу барысындағы әзірлеу, енгізу жұмыстары» тақырыбын тарқата келіп, осынау жауапты жұмысты атқаруда тек саяси тұрғыдан емес, нақты ғылыми негіздемелерге сүйене отырып, шешім қабылдау қажеттігін атап өтті.
– Қазақ тілінің латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиін жасау – тек бүгінгі күннің мәселесі емес, ұлтымыздың келешегі үшін маңызды. Сондықтан бұл тақырыпты терең талдап, тіліміздің төл табиғатына сәйкес тұжырым жасауымыз қажет. Айта кетейік, кезінде А.Байтұрсынов жасаған әліпбиді балалар бар болғаны төрт апта ішінде жаттап алатын болған. Ал бүгінде «Әліппенің» орнын басқан «Сауат ашу» пәнін бірінші сынып оқушылары қыркүйек айынан наурыз айына дейін оқиды. Осының өзі кирилл әліпбиін кіріктіру кезінде өз төл дыбыстарымыздың өзгеріске ұшырағанының бір көрінісі.
Қазіргі таңда біздің алдымызда негізгі үш мәселе тұр. Олар: үнді дауыссыз й мен у дыбыстарының емлесі, бірге не бөлек жазылатын сөздер емлесі және шеттен енген сөздердің жазылу емлесі. Егер осы мәселелерді орнықты шешетін болсақ, жаңа әліпбиіміз үйренуге де, игеруге де қолайлы болары сөзсіз, – дейді Бижомарт Сейсенбекұлы.
Жиында сөз алған Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен журналистика кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай да бірінші кезекте осы дыбыстарды таңбалау мәселесінің басын ашып алу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, халықаралық сөздердің жазылуында бізге орыс тілінен гөрі ағылшын тіліндегі нұсқасы қолайлы болатынын атап өтті. Яғни, жоғарыда аталған мәселелер бойынша жаңа әліпбиді қайта қарап, олқылық орын алмайтындай ортақ шешімге келу керек екенін айтады.
Сондай-ақ, конференцияға қатысқан мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары, филолог-ғалымдар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де тақырып аясында өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты.
Жиынды қорытындылаған А.Абасилов бұл мәселені шешуде ғылыми негіздемелер бойынша сарапталған сала мамандарының пікірімен санасқан жөн екендігін жеткізді.
Ғазиза ӘБІЛДА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<