Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы және «Медиа-Пресс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен биылғы жылғы 2 қазанда үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту мақсатында «Тілдарын-2018» облыстық олимпиадасы өткізілді.
Олимпиадаға мамандығына, кәсібіне, шұғылданатын ісіне қарамастан, 18 бен 22 жас аралығындағы Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандары және Қызылорда қаласындағы жалпы орта білім беру ұйымдарынан, жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан, барлығы 10 талапкер қатысты.
Олимпиадаға қатысушылар үш кезеңнен өтті. Қатысушылардың біліктілігі мен қабілетін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Аман Абасилов бастаған қазылар алқасы бағалады. Байқаудың сарапшылары олимпиаданың қорытындысын шығару кезінде тілдерді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен сөздердің дұрыс дыбысталуына, тіл шеберлігі мен сөздік қорының байлығына назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенттері Айя Көбесова І орынды, Ернар Еркін ІІ орынды жеңіп алса, ІІІ орынды Жалағаш ауданындағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлдана Қайыпова иеленді.
Ынталандыру сыйлығына Қазалы ауданындағы №249 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қымбат Ыбырайым, Қармақшы ауданындағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлдана Нұрибек және Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 3-курс студенті Дастан Айтбай ие болды.
Олимпиада жеңімпаздарына басқарманың дипломдары мен сыйлықтары табысталды. Облыстық олимпиаданың жеңімпазы А.Көбесова «Тілдарын-2018» олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысуға жолдама алды.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<