Төгіліп түскен өрнектер

598

0

Олар сахна төрінде мың бұрала билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Әуен ырғағы мен бишілердің әсем қимылы үйлесім тапқаны соншалық, көрерменнің көз алдында алуан түске еніп, сахна сәнін келтіреді. Бір шеңбердің бойында дөңгелене айналған бишілердің әр қимылының өзінен өрнектер төгіліп түседі. Үкілі тақия, бүрмелі көйлек киген бүлдіршіндердің қимыл-қозғалысы жеңіл. Құдды бір ауада қалықтап жүр ме дерсің.

Иә, бұл – Сырдария ауданы «Бесарық» ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының «Гүлсара» би ансамблі. Орталықтың құрамына кіретін үйірменің шәкірттері үлкенді-кішілі байқауларда топ жарып жүр. Жақында ғана Ташкент қаласында өткен халықаралық би байқауында бас жүлде иеленді.

Бүгінде жас та болса, талантты, кәсіби шеберлігі мол ұстаз Шапағат Жарқынбек үш топқа дәріс береді, 50-ден астам өрен кіші, орта, үлкен топқа бөлінген.

– 2021 жылы «Сұлу-ай» өнер орталығы ашылып, түрлі үйірмелер жұмыс жасай бастады. Ал «Гүлсара» би тобы өткен жылы құрылып, бір жарым жыл ішінде жетістіктерге жетті. Мұның барлығы талмай еңбек еткеніміздің нәтижесі деп білемін. Биші қыздардың алар асуы әлі алда. Балалар өнерге жақын екенін алғаш келген сәттен байқатты. Күнделікті сан ұлттың биін балаларға үйрету үшін барымды саламын, – деді «Гүлсара» би тобының жетекшісі.

Би – өнердің бекзадасы. Олай дейтініміз, ой орамы қимыл-қозғалыс арқылы көрерменге жетеді. Бір оқиғаны көпшіліктің жүрегіне жеткізу оңай дүние емес. Бұл жағынан алғанда «Гүлсара» би тобының өнерлі қыздары өз көрермендерін жинап, олардың ыстық ықыласына бөленіп келеді.

– Бір жарым жылдың ішінде би тобы ІХ  республикалық Q-art fest өнер байқауында бас жүлде, І республикалық «Қайнар бұлақ» би фестиваль-байқауында 3-орын, облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығы конкурсында 3-орын, «Bi style» халықаралық би байқауында бас жүлде, Қызылордада өткен «Dance battle» байқауында 3-орынды иеленіп, Ташкент қаласында өтетін би байқауына жолдама алды. Аталған байқауға қатысып, «Гүлсара» кіші би тобы бас жүлде, ал орта би тобы 1-орын иеленді.  халықаралық би күніне орай «Сырлы сезім толқыны» атты аудандық бишілер фестивалінде аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды, – деді топ жетекшісі.

Бишілері Ташкент қаласындағы байқауда топ жарғанда, қуанышын жасыра алмай, тіпті эмоцияға ерік бергенін айтты.

– Қыздарым «Үкілі арулар» атты қазақ биін нақышына келтіре билеп, көрермендерді тамсандырды. Тал шыбықтай бұралған қыздардың би үстіндегі әрбір қимылынан қазақ қызының әдеп-ибасы, нәзіктігі, бүтін болмысы байқалды. Тіпті әділқазылар алқасы таңданып, жүрекжарды лебізін жеткізді. Байқау нәтижесін жариялаған сәтте қуанғанымнан эмоциямды жасыра алмай, жылап та алдым. Бізге үміт артқан қаншама жанның сенімі ақталғанда бойымды қуаныш биледі. Бұл тек басы, алдағы уақытта талай шыңдарды бағындырамыз, – деді ол.

Сахнада мың бұралған билерімен көрген көзді сүйсінтіп, еріксіз шапалақ соқтырған би тобының жетістігі мұнымен тоқтамайды. Әлі талай асуларды алатынына сенім мол.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<