Халқы көп қалалар мен аудандар маңайында табиғи ортаны өзгертпей бұрынғы қалпында ұстап тұру, ондағы жануарларды қорғауды ұйымдастыру өте қиын жұмыс. Сондықтан мұндай жерлерде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ұйымдастырылады, яғни қорықтар, ұлттық парктер, резерваттар, ботаникалық бақтар және т.б. Оның ішінде қорықтардың орны бөлек.
Қорықтар жер бедерін ескере отырып, өте қымбат немесе сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі үшін құрылады. Онда ғылыми зерттеулер мен мәдени-ағарту жұмыстары жүргізіледі. Қорыққа бөлінген жердің әуелгі қалпын өзгертуге, шаруашылық қажеттіліктерге пайдалануға рұқсат етілмейді. Сонда ғана табиғатта болатын құбылыстардың жануарлар дүниесіне әсерін зерттеуге мүмкіндік туады. Жалпы қорықтар дүние жүзінде ерте заманнан бар.
Қазақстанда 10 қорық ұйымдастырылған. Соның бірі – «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығына 1939 жылы Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің №973 шешімі бойынша қорық статусы берілді.
«Барсакелмес» – Еуразиядағы қоңыржай белдеудің солтүстік және орта нағыз шөлдерінің экожүйесін қорғайтын, жаһандық масштабтағы экологиялық апат аймағында орналасқан әлемдегі жалғыз қорық.
Құрғандағы мақсат – түркімен құландарының, қарақұйрықтың және т.б, жабайы жануарлардың популяциясын қалпына келтіру, сақтау, шөлейттенген бөліктердің биоалуантүрлілігінің қайта қалпына келуіне мониторинг жүргізу.
Бүгінде табиғи қорықтың құрылғанына 85 жыл толып отыр. Аумағы 163126 гектар жерде 325 өсімдік түрі бар. Оның 5-уі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Олар – Борщов қызғалдағы, Пратов көкпегі, қосжарнақты қызғалдақ, ылқанжапырақты батпақгүл, қазақстандық қамыс.
Жануарлар әлемі де сан алуан. Омыртқасыздар түрі өте көп, тек насекомдардың өзі 12 отрядтан 2000 түрге жуық. Жасыл құрбақа және көлбақа сияқты қосмекенділер бар. Бауырымен жорғалаушылардың 12 түрі, сүтқоректілердің 28 түрі мекендейді. Түркімен құланы, қарақұйрық, шағыл мысығы, 250 құстың 33 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Балықтың 22 түрі бар.
Табиғи ландшафтты қорғай отырып, планетадағы генофондты сақтаудың, әртүрлі экологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізудің зертханасына айналған ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың маңызы зор.
Хамит ҚАНИЕВ,
«Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы»
республикалық мемлекеттік мекемесінің бас директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<