Бүгін Ұлттық валюта – төл теңгеміздің айналымға енгізілген күні. Осыдан тура жиырма тоғыз жыл бұрын 15 қарашада төл теңгеміз айналымға түсті. Бұл күні мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыз асқақтады. Содан бері бұл – мерейі үстем мереке.Өзінің ұлттық валютасын енгізу Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда және дербес дамуында маңызды рөл атқарады. Теңге елдің қаржылық тәуелсіздігінің ажырамас символына айналды.
Төл теңгемізді енгізу туралы саяси шешім бір күнде қабылданған жоқ. Тәуелсіздік пен Ұлттық валюта бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар екені күн өткен сайын айқындала бастады. Оның үстіне Ресей рублі құнсызданып, қағазға айналды. Тіпті оған деген тәуелділік айналымда қолма-қол ақшаның тапшылығына әкеліп соқтырды.
Ұлттық валютамыздың тарихы 1992 жылдан бастау алады. Сол жылдың көктемінде елімізде Ұлттық валютаны енгізу мүмкіндіктерін саралайтын комиссия құпия түрде өз жұмысын бастаған екен. Бұл комиссия туралы жоғары басшылықтағы бірнеше адамның ғана хабары болды.
Алдымен жаңа валютаның дизайнын жасайтын шығармашылық топ жасақталды. Құпия кеңес ұзаққа созылған талқылаулардан соң Ұлттық валютада қазақ мемлекеттігін қалыптастырған тарихи тұлғалар бедерленуі тиіс деген шешім қабылдады. Бұл тәуелсіздіктің елең-алаң шағында аса қажетті қадам еді. Сан жылдар бойы сананы езген режимнің темір құрсауы босаған шақта ұлттық мақтаныш сезімін көтеру керек болатын.
Ұлттық валютаның атауы туралы да бірнеше нұсқалар ұсынылды. Олардың қатарында «сом», «ақша», «теңге» деген атаулар болды. Қорытындысында комиссия ежелгі Қыпшақ даласында сауда айналымында болған «теңгеге» тоқталды. Оның айналымға енгізілуі тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғаның бірі болды. Тәуелсіздікті нығайту үшін, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін аса қажетті тарихи қадам осылайша жасалған болатын.
Қазақстан экономикасы нарықтық қайта құруға бет бұрғанда бұрынғы Кеңес Одағындағы бірыңғай ақша жүйесі тұрақсыз еді. Жас мемлекеттер біртіндеп өздерінің ұлттық валюталарын, уақытша ақша белгілерін енгізе бастады. Рубль аймағында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан елдері ғана қалды. Жоғарыда айтқанымыздай, республикаға кеңестік рубльдің бақылаусыз көптеп келуі инфляцияның шарықтап өсуіне әкеліп соқты. Төл валютаны енгізу арқылы Ресейдің қаржы институттарына бағыныштылықтан арылу, дербес монетарлық, экономикалық саясатты жүргізу көзделді.
Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия тұжырымдама дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа да маңызды мәселелер нақтыланды.
Тарихи күн қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев теледидар арқылы халыққа түсіндірме берді. Ақшаның ауысуы жан-жақты ойластырылғанын, елдің бүгінгі және алдағы мүмкіндіктері ескерілгенін атап өтті.
Теңге ресми түрде 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді. Ең бірінші бағамы 1 АҚШ долларына 4,75 теңге болды. Әр теңге 500 рубльге ауыстырылды. Ел ескі ақшаны әл Фараби, Абай, Шоқан, Сүйінбай сияқты ұлт мақтаныштары бейнеленген су жаңа ақшаға айырбастап жатты. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Қазақ тіліндегі, ұлттық нақыштағы банкноттарды бір-біріне көрсетіп, сүйіншілеген ағайын тәуелсіздікке тәубе айтты. Ендігі міндет тіпті күрделі еді. Теңгенің құнын жоғалтпай ұстап тұрудың маңызы күннен-күнге арта түсті.
Ұлттық валюта енгізілгеннен кейінгі алғашқы екі жыл еліміздің экономикалық дамуындағы күрделі кезең ретінде сипатталады. Айналымға енгеннен кейін, алғашқы 7 айда теңге 8 есе құнсызданды. Қаржы операциясы теңге арқылы есептелгендіктен, оның бағамы басқа елдердің валютасымен күнбе-күн нақтыланып отырды.
1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалған 2, 5, 10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот – Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.
2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары қолданысқа жіберілді. Сондай-ақ, теңгенің жаңа нышаны таңдалды. Ұлттық банк бәйге жариялап, ол 2007 жылдың 29 наурызында мәресіне жетті. Нәтижесінде отыз мыңнан астам сурет ішінен ₸ символы таңдап алынды.
2011 жылдан Ұлттық валютаның төртінші буыны қазақстандықтардың қолына түсе бастады. Теңге сутаңба, қауіпсіздік жіптері, мөлдір терезе, ультрафиолет қорғанысы, сериялық нөмірлер, сәйкес кескіндер секілді 17 қорғаныс дәрежесіне ие болып, әлемдегі ең қорғалған валюталар қатарына енді. Сондай-ақ, әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі атанып, үш жыл қатарынан әлемнің үздіктері деп танылды.
Сонымен қатар, 2000 жылдан бастап Қазақстан теңге сарайы мен Ұлттық банк жыл сайын халықаралық байқауларға қатысады. Бүгінге дейін дизайнымен, технологиялық жаңашылдығымен әртүрлі марапаттарға ие болған. Ұлттық теңгеміз ТМД-да тұрақты валюталардың бірі болып отыр.
Биболат Сәтжан,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<