Банктердің төлем жасау қабілеті жеткіліксіз қарыз алушыларға кредит беруі шектеледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тұтынушылық кредиттеуді реттеу бойынша нақты әрі шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін Агенттік мынадай іс-шараларды іске асыратын болады. Біріншіден, банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігін пруденциялық реттеу аясында жеке тұлғалардың тұтынушылық кредиттері бойынша тәуекел-саралауды ұлғайту жолымен іс-шаралар қабылданатын болады», – деді ол.
Агенттік төрағасының айтуынша, борыш жүктемесі коэффициентін есептеу қатаңдатылады. Есептен қарыз алушыда тұрақты кірістің болуын дәйекті түрде растай алмайтын кірісті айқындау өлшемшарттары алып тасталады.
«Тәуекелге бағдарланған қадағалау аясында банктерге және микроқаржы ұйымдарына қатысты тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттер бойынша қосымша шектеулер енгізу де қарастырылады. Нәтижесінде банктердің төлем жасау қабілеті жеткіліксіз қарыз алушыларға кредиттер беруі шектеледі», – деді Мәдина Әбілқасымова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<