Төраға таныстырылды

896

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен сот органдарындағы кадрлық өзгеріске байланысты облыс активі өтті. Оған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов арнайы қатысты.

Аймақ басшысы адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуы үнемі басты назарда болатынын, сот жүйесі елімізде адам құқығының қорғалуы мен қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір кепілі екенін айтты.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сот жүйесіндегі реформалар әділ сот төрелігін орнықтыруы қажет екенін айтып, нақты міндеттерді айқындап берді. Себебі Жаңа Қазақстан құрудың алғышартының бірі – дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот жүйесін қалыптастыру. Ал, қара қылды қақ жаратын әділ сот төрелігін жолға қоюда білікті де білімді судьяның алар орны ерекше, – деді облыс әкімі.

Жиында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов Қызылорда облыстық сотының жаңа төрағасын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

– Облыстық сот төрағасы болып Әділхади Шиғамбаев тағайындалды. Әділхади Шиғамбаев – Сыр елінің тумасы, осы уақытқа дейін бірқатар жоғары қызметті абыроймен атқарып келді. 24 жылдан бері сот саласында еңбек етуде, екі облыстың сот алқаларының төрағасы болған. Алда тұрған міндеттерін тиісті деңгейде атқара білген жауапты азаматтардың бірі. Бұл қызметке тағайындалуыңызды Мемлекет басшысы мен Жоғарғы Сот басшылығының сенімі деп білеміз. Ел алдында, қоғам алдында абыройлы болыңыз, – деді Нұрсерік Шәріпов.

Әділхади Шиғамбаев 1968 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Өзінің еңбек жолын 1985 жылы Қызылорда облысының Агроөнеркәсіп кешенінің механикалық-көліктік станциясынан бастаған.

1994-1998 жылдары Алматы қаласы Әуезов аудандық прокуратурасында аға тергеушінің стажері, аға тергеуші, Алматы қалалық прокуратурасында аса қауіпті қылмысты анықтау бөлімінде аса ауыр істер бойынша тергеушісі, 1998 жылдан бастап Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының судьясы, төрағасы, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып қызмет атқарған.

Жаңа сот төрағасын облыстық сот саласының ардагерлері де құттықтады. Өз кезегінде, Әділхади Шиғамбаев әріптестеріне жауапты лауазымды сеніп тапсырғаны үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, жиында жаңадан тағайындалған өзге де төрағалар мен судьялар таныстырылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 11 шілдедегі Жарлығымен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып Текетаев Мақсұт Нысанбайұлы тағайындалды.

Сонымен қатар, осы Жарлықпен Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Сабыров Асхат Аббасұлы, Қармақшы аудандық сотының төрағасы Мыханов Қуаныш Тасмағанбетұлы, Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Абдуллаев Қанатбек Амангелдіұлы, Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Тұңғышбаев Исағали Өмірзақұлы және Қызылорда қалалық сотының судьясы Ақынбек Маржан тағайындалды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<