Төрт түлікте өсім бар

510

0

Сыр өңірінде биыл 191,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 83,1 мың гектар. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 2,9 мың гектарға азайтылды. Оның ішінде күріштің көлемі 7,8 мың гектарға төмендетілді. Облыста егісті әртараптандыру жалғасын табады.

Бүгінгі күні 12,1 мың гектарға дәнді дақылдар, 4,9 мың гектарға майлы, 71,6 мың гектарға малазықтық дақылдар, 19,9 мың гектарға картоп, көкөніс, бақша егілді.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл 31,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 1,5 пайызға артқан. Негізгі қорға салынған инвестиция 5,2 пайыз, ол тамақ өнімдерін өндіруде 28,1 пайызға өскен.

– Биыл да ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін әртараптандыруға мән берілуде. Қысқартылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін малазықтық, майлы және картоп, көкөніс көлемі ұлғайтылды. Одан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті тұрғындар өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 5 мың отбасына бақша егуге 3 364,4 гектар жер дайындалды. Бұл жерге картоп, көкөніс, бақша егілді, –  деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерсұлтан Апетов.

Шаруашылық құрылымдары дақылдарды агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау жұмыстарын өз мерзімінде жүргізуде. Көктемгі егіске қажетті 63,3 мың тонна минералдық тыңайтқыш толық сатып алынып, тиісті мақсатқа жұмсалды. Ал күріш егістігінің 52,7 мың гектарына  химиялық өңдеу жүргізілді. Барлық 3 799 ауыл шаруашылығы техникасы жөндеуден өткізіліп, егін егу жұмыстарына толықтай қатысты. Көктемгі егін егу мен дала жұмыстарына 13,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.

Мал шаруашылығын дамытуға жасалған қолдаудың нәтижесінде төрт түліктің саны өсіп, өнімі де ұлғайып келеді. Мәселен, сиыр басы өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға өскен. Ал қой мен ешкі басы 878,3 мыңды, жылқы басы 260,3 мыңды құрап отыр.

– Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, өткен жылдың 1 мамырына облыстан 12,5 млн. доллардың 22 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 15 мемлекетіне экспортталды. Олардың арасында күріш, балық өнімдері, күріш қалдығы, қамыс бар.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 406 жоба несиелендіріліп, нәтижесінде 713 жаңа жұмыс орны ашылуда. Оның ішінде 275 адам жаңадан кәсібін ашқан. Биыл да республикалық бюджет есебінен 575 жоба қаржыландырылып, 610 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қазір мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес сенім білдірілген өкіл айқындалып, келісім-шарт жасалды. 

2024-2026 жылдарға арналған жол картасы бойынша 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, биыл 13-і іске қосылады, екі жоба аясында 9 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Облыста су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы егілетін егін көлемі 4,2 мың гектарға дейін жеткізілді. Оның 3,2 мың гектары тамшылатып суару, 1,2 мың гектары жаңбырлатып суару әдісімен егілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<