Өңірде балық аулауға шыққан адам ауға оратылып, көл ортасында батып кетті.
20 қараша күні 112 құтқару қызметінің кезекшісінен төтенше жағдайлар департаментіне хабар келіп түсті. Онда «Қызылорда-Жезқазған» жолынан Құмкөлге қарай 17 шақырымында «Әбітай» көлінде 1 ер адам балық аулап жүріп жоғалып кеткені жөнінде айтылған.
– Шақырту бойынша жедел құтқару жасағынан сағат 3.30-да 6 құтқарушы 2 бірлік техника, 1 үрлемелі қайық және 3 сүңгуірліқ құралымен жолға шықты. Олар оқиға орнына сағат 3.50-де жетті. Оқиға орнында 64 жастағы қала тұрғынының көлге үрлемелі қайықпен балық аулау мақсатында ау құрып жүріп, жағалауға қайта оралмағаны белгілі болды, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Сүңгуір жұмыстарын жүргізуге құрылған аулар кедергі келтірген. Құтқарушылар ескекті үрлемелі қайықпен көл бетінде барлау және су асты жұмыстарын жүргізді.
– Нәтижесінде сағат 5.51-де жағалаудан 20-25 метрдей қашықтықта су астынан ауға оратылып қалған азаматтың жансыз денесі табылды. Құтқарушылар жансыз денені полиция қызметкерлеріне тапсырды, – деп мәлім етті ведомствода.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<