Жазда адамдар табиғат аясына шығып, демалғанды жақсы көреді. Дегенмен демалушылар суға шомылу кезінде қарапайым сақтандыру шараларын ескермей, түрлі қолайсыз жағдайлар орын алып жатады. Осындай қолайсыздық салдарынан облыста жыл басынан бері 10 адам суға кеткен.
Қаладағы «Мұрагер» мектебінің 4-сынып оқушысы төтенше жағдайлар қызметкерлері секілді абайсызда суға кеткен балдырғанды құтқарып қалды.
– Бүкіл әулетіміз, үлкеніміз Марат ағам, Айша жеңешем, балалар мен ағайындардың қатысуымен «Сабалақ» саяжайында құрбан айт мерекесіне мал шалып, аруақтарға құран оқытты. Арасында волейбол, футбол ойнадық. Ал балалар ересектердің бақылауында, бөлек ойнап жүрді. Сол жерде балаларға және ересектерге арналған суға түсетін орын бар. Ол жерге біз де, басқа демалуға келген адамдар да суға түсіп жатты.
Кешқұрым оқыс оқиға орын алды. Ата-анасы қайта-қайта қарап, бақылап отырғанымен, 2 жастағы Хантөре абайсызда ересектерге арналған хауызға құлап кетіп, су түбіне кете бастаған кезде сол жерде тұрған Айсұлтанның інісі, 1-сынып оқушысы Жансұлтан айқайлап, үлкендерді көмекке шақырады. Дәл сол сәтте су жағасында тұрған Айсұлтан дереу суға секіріп, жүзіп барып, Хантөрені құтқарып қалады. Балаларға арналған үрлемелі баллонға салып жағаға алып шығып, сол жерге келген ата-аналарының қолына табыстады. Уақытылы, дәл, сапалы көрсетілген көмек арқасында кішкентай Хантөреге медициналық көмектің де қажеті болмады. Қуаныштан көздеріне жас алған ата-анасы Айсұлтанға алғысын жаудырды, – дейді Айсұлтанның атасы Хұсайын Қоразбаев.
Айсұлтан Хұсайын – тоғыз жастағы егіздің сыңары, Ерсұлтан есімді бауыры бар. Олар – облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінің 4-сынып оқушысы, екеуі де оқу озаты. Сабақтан тыс уақытта «Евразия» спорт кешенінің жүзу секциясына, шахмат клубына барады. Жақында қалалық жарыста Айсұлтан Хұсайын champion_kzo турнир қорытындысы бойынша 4 спорттық разряд нормасын орындап, 1-орын иеленді.
– Шынында, Айсұлтанның бұл әрекетін ерлік деуге болады. Өзі де бала, соған қарамастан, шұғыл шешім қабылдап, сәбидің өмірін құтқарып қалды. Мен осы кішкентай батырдың атасы болғанымды мақтан етемін, – дейді Х.Қоразбаев.
Айта кетейік, Айсұлтанның үлкен атасы Асан Қоразбаев – ҰОС ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерінің иегері. Бұрынғы «Ленин жолы», «Путь Ленина» газеттерінің штаттан тыс тілшісі болған.
Адам өміріне араша түскен Айсұлтан Хұсайынның ерлігін облыстық төтенше жағдайлар департаменті де жоғары бағалап, алғыс білдірді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<