Төтенше жағдайдың алдын алған Айсұлтан

1281

0

Фото автордан

Жазда адамдар табиғат аясына шығып, демалғанды жақсы көреді. Дегенмен демалушылар суға шомылу кезінде қарапайым сақтандыру шараларын ескермей, түрлі қолайсыз жағдайлар орын алып жатады. Осындай қолайсыздық салдарынан облыста жыл басынан бері 10 адам суға кеткен. Соның бірі – жақында ғана «Ягодка» саяжайында Сырдария өзеніне суға түскен екі жасөспірім «тілсіз жаудың» құрбаны болды. Осыдан бірер күн бұрын жоғарыда айтқандай жағдай орын алды. Осы жерде қаладағы «Мұрагер» мектебінің 4 сынып оқушысы төтенше жағдайлар қызметкерлері секілді абайсызда суға кеткен  балдырғанды құтқарып қалды. 

–Бүкіл әулетіміз үлкеніміз Марат ағам, Айша жеңешем, балалармен ағайындардың қатысуымен «Сабалақ» саяжайында құрбан айт мерекесіне  мал шалып, аруақтарға құран оқылды. Арасында волейбол, футбол ойнадық. Ал балалар ересектердің бақылауында, бөлек ойнап жүрді. Сол жерде балаларға және ересектерге арналған суға түсетін орын бар. Ол жерге біз де, басқа демалуға келген адамдар да суға түсіп жатты.

Кешқұрым оқыс оқиға орын алды. Ата-анасы қайта-қайта қарап, бақылап отырғанымен, 2 жастағы Хантөре абайсызда ересектерге арналған хауызға құлап кетіп, су түбіне кете бастаған кезде сол жерде тұрған Айсұлтанның інісі, 1 сынып оқушысы Жансұлтан айқайлап, үлкендерді көмекке шақырады.  Дәл сол сәтте су жағасында тұрған Айсұлтан дереу суға секіріп, жүзіп барып, Хантөрені құтқарып қалады. Балаларға арналған үрлемелі баллонға салып жағаға алып шығып, сол жерге келген ата-аналарының қолына табыстады. Уақтылы, дәл, сапалы көрсетілген көмек арқасында кішкентай Хантөреге медициналық көмектің де қажеті болмады. Қуаныштан көздеріне жас алған ата-анасы Айсұлтанға алғысын жаудырды, –дейді Айсұлтанның атасы Хұсайын Қоразбаев.

Айсұлтан Хұсайын тоғыз жаста, егіздің сыңары, Ерсұлтан есімді бауыры бар. Олар – облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінің 4 сынып оқушысы, екеуі де оқу озаты. Сабақтан тыс уақытта «Евразия» спорт кешеніне жүзу секциясына, шахмат клубына барады. Жақында қалалық жарыста Айсұлтан Хұсайын champion_kzo турнир қортындысы бойынша 4 спорттық разряд нормасын орындап, 1 орын иеленді. Әкесі Қоразбаев Ардақ Хұсайынұлы, кәсіпкер, анасы Ешимова Салтанат «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында менеджер. Атасы Хұсайын Қоразбаев – құқық қорғау саласының ардагері.

–Шынында, Айсұлтанның бұл әрекетін ерлік деуге болады. Өзі де бала, соған қарамастан өз бетінше шұғыл шешім қабылдап, сәбидің өмірін құтқарып қалды. Мен осы кішкентай батырдың атасы болғанымды мақтан етемін,–дейді  Х.Қоразбаев. Айта кетейік, Айсұлтанның үлкен атасы Асан Қоразбаев – ҰОС ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерінің иегері. Бұрынғы «Ленин жолы», «Путь Ленина» газеттерінің штаттан тыс тілшісі болған.

Адам өміріне араша түскен Айсұлтан Хұсайынның ерлігін облыстық төтенше жағдайлар департаменті де жоғары бағалап, алғыс білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<