Төтенше жағдайларға тиянақты дайындық керек

624

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысын өткізіп, 3 мәселе талқыланды. Атап айтсақ, су басу қаупі туындаған жағдайда қабылданатын шаралар, 2021-2025 жылдары елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру жоспарының орындалуы және орман, дала өрттері бойынша жергілікті атқарушы органдармен атқарылған жұмыс нәтижелері мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу жұмыстары қаралды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, аппарат басшысы Ерлан Райғаниев, қала әкімі Ғанибек Қазантаев, салалық басқарма мен департамент басшылары және онлайн режимінде аудан әкімдері қатысты.

Алдымен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков облыс көлемінде орналасқан елді мекендерді су басу қаупі жоқ екенін және қауіп туындамас үшін қажетті іс-шаралар пысықталып отырғанын жеткізді. Мәселен, су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлар бойынша барлығы 161,2 тонна жанар-жағармай және 118 700 дана қап қорда тұр. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен аудандарда сең жүру кезеңінде халықты көшіруге арналған 83 эвакуациялық жинақтау және 102 қабылдау пункті дайындыққа келтірілген.

Екінші мәселеге қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бауыржан Ізбасаров баяндады.

Өрт қаупінің алдын алуға құрамында 2027 адам, 8 өрт сөндіру автокөлігі мен 421 бейімделген техникасы және 21 мотопомпасы бар, барлығы 168 өртке қарсы ерікті құрылымы жасақталған. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар, полиция, орман шаруашылығы мен төтенше жағдайлар қызметі бірлесіп қала және аудандар бойынша  құрамында 62 адам бар 14 мобильді топ  құрылды. 2021 жылы мобильді топ  514  рет рейдтік шара жүргізді.

Аймақ басшысы «2021-2025 жылдары мемлекеттік өртке қарсы қызметі  жоқ  елді  мекендерде кезең-кезеңмен өрт бекеттерін құру» жоспарына сәйкес өрт сөндіру бекетін құруды және оларды  бөлек ғимаратпен қажетті құрал-саймандарымен жарақтандыруды, елді мекендердегі өрт сөндіруге бейімделген техникаларды жарамды күйде ұстап, өртке қарсы су көздерімен қамтамасыз етуді және жергілікті атқарушы органдар құрған өрт бекеттері қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Мұнымен қоса, теміржол және автокөлік жолдарының бойында, егістік алқаптарға жаңа минералдық жолақтар жүргізіп, ескі жолақтарды қайта қалпына келтіру мен өрт қауіпті кезеңде орман шаруашылығына қарасты өрт сөндіру жасақтарының күшейтілген режимде жұмыс жасауын ұйымдастыруды жүктеді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова өңірде геморрагиялық қызба ауруының 12 жағдайы тіркелгенін айтып, өлім жағдайы орын алмағанын растады. Бұл үшін 239 елді мекеннің аумағына тоталды түрде зоопаразитологиялық зерттеулер жүргізілген. Оның ішінде 113-і қолайсыз елді мекендер санатына енген.

Департамент басшысы биыл кененің көп екенін айтып, эпидемиологиялық ахуал «қолайсыз» болатынын назарға салды.

Бұл ретте  облыс әкімі  эпидмаусымда қабылданатын іс-шараларға қатысты бірқатар тапсырма берді.

– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының көктемгі залалсыздандыру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізу қажет. Бұл мақсатта ветеринария мамандарының бірге болуы маңызды. Елді мекендерде уақ малдарды тоғыту үшін қажетті препарат пен су мәселесін шешуді барынша пысықтаған абзал. Тұрғындар арасында қауіпсіздік шараларын сақтауда ветеринария мамандары алдын ала түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізсін, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында аймақ басшысы көктемгі залалсыздандыру жұмыстарын кестеге сәйкес сапалы орындауды және облыста елді мекендердегі мал қоралары мен мал басына жүргізілген көктемгі дәрілеу (дезинсекциялау) жұмыстарына талдау жасап, баяндауды тапсырды. Сондай-ақ, елді мекендер айналасында санитарлық қорғаныш аймағын құру міндетін сапалы түрде орындауды жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<