Фото: ашық дереккөз
Технология қарыштап дамыған сайын адамзатқа төнетін түрлі сипаттағы қауіп-қатер көбейіп тұр. Әлемдік жылыну ғалымдарды толғандырып, қарапайым адам баласына үрей тудыруда. Кейінгі жылдары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар да күн сайын артып келеді. Мәселен, қыс айларында боран, өрт оқиғалары жиі тіркелетін болса, көктем шыға қар суының еруінен болатын су тасқыны жиі орын алып, жазда дала өрті көбейген. Көп жағдайда бұл климаттың өзгеруімен және басқа жағдайлармен байланыстырылып жүр.
Осындай қауіп-қатерді болдырмау үшін елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу мен іс-қимыл жөнінде ұзақ мерзімді бағдарлама дайындалды. Төтенше жағдайдың алдын алу мәселесі тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ қолға алынды. Қазір бұл саланың қызметі сан түрге бөлінеді. Кез келген қиын жағдайда қалсаңыз, дереу «101» немесе «112» номерлеріне қоңырау шалып, көмек сұрай аласыз. «Тәулік бойы үздіксіз қызмет ететін төтеншеліктер өзі көз іле ме? Оқиға болған жерге қалайша тез жетеді? Олардың отбасы, бала-шағасына көңіл бөлетін уақыты бола ма? Басқа адамдар секілді демала ма?» деген ой біз бен сізді ойландыруы мүмкін.
Шетелдің фильмдерінен көріп жүрген «911» жедел қызмет көрсету өзімізде де бар. Бірақ басымызға іс түспесе, ондай қызметтің барын біле бермейтініміз анық. Білгеннің өзінде оған жай мамандықтың бір түрі ретінде қарайтынымыз рас. Алайда кез келген қиын сәтте сақадай сай, дап-дайын тұратын бұл саланың мамандарына бас имеске болмайды. Өмірін қауіп-қатерге тігіп, өзгенің ғұмыры үшін жанын беруге даяр тұратынын көріп жүрген шығарсыз. Бейбіт күннің батыры олардың ішінде көп. Табиғи және техногендік апаттармен бетпе-бет келіп, тасқын суға қарсы жүзіп, алапат өрттің ішінде жүрексінбей, зілзаладан зәресі ұшпай бірнеше метр тереңдікке түсетін де, ерте көктемде кенемен «күресетін» де – төтеншеліктер.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Нұрсұлтан Ибрагимов бізге саланың тыныс-тіршілігін таныстырды. Облыс бойынша мұнда 800-ден астам қызметкер бар. Олардың 20 пайызы – нәзік жандылар. Күн сайын 200-ге жуық қоңырауға жауап беріп, маңыздылығына, сипатына қарай талдап-таразылап отыратындар да – осылар. Келіп түскен ақпараттың рас-өтірігін саралап отыру – жауапкершілікті іс. Қоңыраулар арасында жалған мәлімет беретіндер де бар. Ондай «бұзақылар» үшін заң қатал. Айыппұл салудан бастап, бірнеше жыл темір торға тоғытылады. Бір қызығы, үйінің есігі ішінен құлыпталып ашылмай қалса, тіпті анықтама бюросы секілді сұрақтармен мазалап, сол үшін де хабарласатындар кездеседі.
– Біздің қызметкерлер облыс төңірегіндегі табиғи және техногенді апаттардың алдын алу және оны жою бағытында жұмыс істейді. Департаментке қарасты 16 өрт сөндіру бөлімі және аудандардың барлығында ТЖ бөлімшелері орналасқан. Жұмысымыз маусымдық кезең бойынша түрленіп отырады. Қазір облысқа «Шардарадан» секундына 850 текше метр су жіберілсе, оның төменге қарай жіберіліп жатқаны 643 текше метр. «Ақлақ» су торабынан төменге қарай секундына 160 текше метр су жіберілуде. Сеңнің ұстасуы Шиелі, Жаңақорған аудандарында таза, ал Тартоғай елді мекенінен бері қарай мұз толығымен Аралға дейін ұстасып тұр. Мұздың қалыңдығы әртүрлі, 20-45 см аралықта деуге болады. Су басу қаупінде 29 елді мекен бар. Олардың көбі – малшылар, түрлі шаруашылықпен айналысып отырғандар. Біздің мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ әр ауданда құрылған учаскелерде қауіпті бекеттерде тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылады. Су деңгейінің көтерілуі, түсуі, мұздың толық қалыптасып, ұстасып тұруы ұдайы қадағаланып тұр. Наурыз айының аяғына дейін бақылауда болады, – дейді Н.Ибрагимов.
Апат айтып келмейді
Қыстың көзі қырауда бұрынғыдай пеш жағатын үйлер әлі бар. Кейбір ауылдық елді мекендерге газ кірмегендіктен, олар қатты отынды пайдалануға мәжбүр. Маусымдық кезең басталмас бұрын пештің ақауының бар-жоғын тексеріп алған дұрыс. Себебі, апат айтып келмейді. Тілсіз жау әп-сәтте бір отбасының шаңырағын ортасына түсіреді. Кейінгі кезде мұндай оқыс оқиғалар көбейіп кетті. Мұның барлығы уақытылы тексеріс жұмыстарының жасалмауынан, жауапкершіліктің болмауынан орын алуда. Қайғылы жағдай орын алмас үшін тағы да төтеншеліктер үй-үйді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Айталық өткен жылы 520 төтенше жағдай тіркелген. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 3 пайызға көп, 57 адам зардап шексе, 27 адам қаза болған. Мамандар адамдардың өрт және еңбек қауіпсіздік талаптарын сақтамауымен байланыстыруда. Материалдық шығын 224 млн 460 мың теңгені құраған. Табиғи төтенше жағдай 53 болса, алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,4 пайызға артық. Ал техногенді төтенше жағдай, яғни адам факторының салдарынан болғаны – 467. Бұл да 2,2 пайызға көп.
Тілсіз жаудың алдын алуда стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігі алғашқы орынға шығады. Ондай есепке алынған 6284 нысан бар. Өткен жылы 1598-не тексеру жұмыстары жүргізілген. Оның 804-і ерекше тәртіп бойынша тексерілсе, 794-не жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 6014 заң бұзушылық анықталған.
Былтыр 477 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 300-і тұрғын үйлерде орын алған. Тілсіз жау 8 адамның өмірін жалмаған. Бір қуанарлығы, алдыңғы жылмен салыстырғанда, өрт салдарынан адам өлімі 50 пайызға төмендеген. Автокөліктерде 106 өрт оқиғасы орын алған. Бұл да көлік иелерінің техникалық күтімді уақытылы жасамауынан, электр сымдарының тұйықталуынан болғаны анықталып отыр. Ал маңызды стратегиялық нысандарда 43 өрт болған. Дала өрттері де бізде жоқ емес. Оның 16 дерегі тіркеліпті.
Жалпы табиғи апаттың салдары, мемлекетке тигізетін зардабы, шығыны өте көп. Қазақстанда болған ірі табиғи апаттардың басым көпшілігі жер сілкінісі, су басу, қар көшкіні сынды табиғи құбылыстармен байланысты. Былтыр Қостанайда болған өрттің зардабын Табиғат-ана жылдар бойы тартатыны өкінішті. Міне, осындай оқыс оқиғалардың алдын алуда халыққа түсіндірме жұмыстарының маңызы зор. Бұл бағытта 5386 түсіндірме және сөз сөйлеу жүргізілген. Оның бірқатары теледидардан бейнероликтер арқылы көрерменге көрсетіліп, БАҚ беттерінде жарияланып, әлеуметтік желілерде кеңінен айтылған.
Айтып келмейтін апаттан зардап шегетіндер, әсіресе, балалар ондай жағдайда не істерін білмей абдырап қалады. Сондықтан кішкентайлардың тез түсінуіне жеңіл бейнероликтер дайындалып, жергілікті телеарналардан көрсетілуде. Онда қызыл жалын басталғанда не істеу керек, суға шомылу маусымында қандай талаптарды сақтаған жөн деген ақпараттармен құлақтанады.
Мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ жерлерде арнайы бекет ашу жұмыстары жасалуда. Мұндай бекеттердің облыста небәрі 26-сы бар. Ал жергілікті халқы 5 мыңнан астам шалғай ауылдарда бекеттер жетіспейді. Жалпы өңірді толық қамту үшін барлығы 47 бекет болу керек. Жуырда осындай тағы екі бекет Жалағаш ауданында ашылмақшы. Бұл бекетке жергілікті жердің тұрғындары жұмысқа алынады. Арнайы білімі болмаса да, оқу-жаттығу жұмыстарынан өткен адамдар мамандар келемін дегенше алғашқы іс-әрекеттерді жасау үшін қажет. Бір жағынан жұмыссыз жүргендерді еңбекке тартудың жолы. Сонымен бірге қалада сол жағалауда өрт сөндіру бөлімін ашу жоспарда бар.
Статистикалық деректер өрттің шығуы көбіне тұрмысы төмен отбасында орын алатынын айғақтайды. Сондықтан 2020-2021 жылдар аралығында көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғының 3500 данасы осындай отбасына қондырылған. Ерекшелігі – сыммен емес, батарейкамен жұмыс істейді. Егер иіс шықса, зор дауыспен ұйқыда жатқан адамдарды оятады. Бұл да – табиғи апаттың алдын алуда, адамдардың қауіпсіздігін сақтауда үлкен сеп. Өткен жылдың өзінде құрылғы 2 рет дабыл қағып, 11 адамның өмірін құтқарып қалуға себеп болған. Алдағы уақытта құрылғыларға тағы тапсырыс берілген. Біреуінің бағасы 30-50 мың теңге көлемінде. Жыл сайын шығатын құрылғылардың жетілдірілген түрі көп. Сондықтан бағасы да соған сай қымбаттай бермек.
Қандай да бір тосын жағдайға жедел баратын мамандардың жұмысы мақтан етерліктей. Олардың арасында өткен жылы қызмет барысында ерекше батылдығымен көзге түскен Мирамбек Амангелдиевті, Бақытжан Қуанышовты айтуға болады. Екеуі де қызыл жалынның ортасынан тұрғындарды аман алып, ажалдан құтқарған. Бүгінде департаментте қызмет ететін әрбір қызметкер үш жыл сайын Көкшетаудағы М.Ғабдуллин атындағы академияда білімін жетілдіріп отырады. Одан бөлек, оқу-жаттығу шаралары ұдайы ұйымдастырылады.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<