Төтеншеліктер дабыл  қағуда

350

0

Облыстың су айдындарында тұрғындардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайға ұшырауы, әсіресе, жаз айларында суға кетіп, қаза болуы өзекті мәселе болып отыр. Биылдың өзінде 26 адам қаза тапқан. Бұл туралы  өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жандос Жүгінісов хабардар етті.

– Жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында соңы өлімге әкелген 26 оқиға тіркелді. Оның 19-ы ересек адам болса, 7-уі бала. Ал былтыр дәл осындай 30 жағдай тіркелді. Оның 9-ы бала. Тіркелген жайттардың басым бөлігі Сырдария өзені мен үлкенді-кішілі каналдарда болып отыр, – деді ол.

Төтеншеліктердің дабыл қағатынындай-ақ бар. Жыл сайын түсіндірме жұмыстары жүргізілгенмен, оны ескеретіндер аз. Жандос Шаймұлының айтуынша, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу – адамдардың қаза болуының негізгі себебі. Атап айтсақ, қайғылы оқиғалар өзен немесе каналдардың кез келген әрі зерттелмеген, ағысы жылдам, терең, тік жарларда суға түскеннен болып отыр. Оған спирттік ішімдік ішетіндер мен бақылаусыз балаларды қосыңыз.

– Биыл да суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын ертерек қолға алып, адам көп шоғырланған орындарда түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бұған қоса, рейдтік іс-шараларды да көбейттік. Сол рейдтік жұмыстар барысында 93 адамға ескерту шарасы көрілсе, 1 адамға айыппұл салынды. Ал 2600-ден аса азаматқа ішімдік ішіп және қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін әкімшілік шара көрілді. Бұдан бөлек, балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, облыс көлемінде профилактикалық жұмыс барысында заңсыз балық аулағандардың 199 дерегі тіркеліп, оларға 2 млн 115 мың  теңге айыппұл салынды, – деді ол.

Суға шомылу маусымында аймақта 4 коммуналдық жағажай жұмыс істеді. Олардың қатарында Шиелі ауданындағы «Ақорда», Сырдария ауданындағы «Қалғандария», Қармақшы ауданындағы Мұратбаев және Қазалы ауданындағы «Қашқан су» жағажайы бар.

Айтпақшы, жазғы суға шомылу маусымы басталар тұста жедел құтқару жасағының жүзу құралдары, сүңгуірлік жарақтары мен жабдықтары дайындыққа келтірілген. Нақтырақ айтсақ, 69 құтқарушы, 19 автокөлік, 23 жүзу құралы мен 34 сүңгуірлік жарақ дайындықтан өткен. Сүңгуір автокөліктер қажетті құтқару құрал-жабдықтарымен, құтқару кеудешелері және шеңберімен жарақтандырылған.

Өңірдегі 16 тыйым салынған және 63 қауіпті аймаққа 310 ескерту тақтайшасы мен 68 билборд орнатылған.

Брифингте кейбір ата-аналардың бала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтындығы да айтылды.

– Ата-аналар балаларын көбіне қараусыз қалдырады. Соның салдарынан көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен, балкондарынан құлап кету жағдайлары көбеюде. Мәселен, жыл басынан бері балалардың терезеден кұлап кетуі бойынша 10 жағдай тіркелді. Балалардың терезеден құлау фактісінің басты себебі, ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы, терезеде уақытша бекіткіш  торлардың болмауы, москит торларының берік бекітілмеуінен және балалардың терезе алдында ойнауынан болып отыр, – деді облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Бейбітхан Спанов.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<