Облыстың су айдындарында тұрғындардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайға ұшырауы, әсіресе, жаз айларында суға кетіп, қаза болуы өзекті мәселе болып отыр. Биылдың өзінде 9 адам қаза тапқан. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Асхат Тоғызбаев көшпелі брифингте хабардар етті.
– Жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында соңы өлімге әкелген 9 оқиға тіркелді. Оның алтауы ересек адам болса, үшеуі бала. Ал былтыр дәл осындай 30 жағдай тіркелді. Оның 9-ы бала. Тіркелген жайттардың басым бөлігі Сырдария өзені мен үлкенді-кішілі каналдарда болып отыр, – деді подполковник.
Төтеншеліктердің дабыл қағатынындай-ақ бар. Жыл сайын түсіндірме жұмыстары жүргізілгенмен, оны ескеретіндер аз. Басқарма басшысының айтуынша, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу – адамдардың қаза болуының негізгі себебі. Атап айтсақ, қайғылы оқиғалар өзен немесе каналдардың кез келген әрі зерттелмеген, ағысы жылдам, терең, тік жарларда суға түскеннен болып отыр. Оған спирттік ішімдік ішетіндер мен бақылаусыз балаларды қосыңыз.
– Кейінгі кезде ұжымдар мен оқу орындары жастарының жаз айларында табиғатқа шығып, демалыстарын өзен мен көлдердің жағасында ұйымдастыруы жиіледі. Мұндай демалыстардың кейбіреуі бақытсыз жағдаймен аяқталып жатыр. Сондықтан биыл суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын ертерек қолға алып, адам көп шоғырланған орындарда түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Бұған қоса, рейдтік іс-шараларды да бастап кеттік. Биыл рейдтік жұмыстар барысында 3 адамға ескерту шарасы көрілді. Тұрғындарды хабардар ету үшін су нысандары мен су шаруашылығы құрылыстарындағы жаппай демалуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындардың орналасқан жері туралы мәліметті әлеуметтік желі мен «2ГИС» сервисінде жариялаудамыз, – деді А.Тоғызбаев.
Суға шомылу маусымына дейін аймақта 4 коммуналдық жағажай іске қосылмақ. Олардың қатарында Шиелі ауданындағы «Ақ орда», Сырдария ауданындағы «Қалғандария», Қармақшы ауданындағы Мұратбаев және Қазалы ауданындағы «Қашқансу» жағажайы бар.
Бүгінде жазғы суға шомылу маусымына жедел құтқару жасағының жүзу құралдары, сүңгуірлік жарақтары мен жабдықтары дайындыққа келтірілген. Нақтырақ айтсақ, 69 құтқарушы, 19 автокөлік, 23 жүзу құралы мен 34 сүңгуірлік жарақ дайын тұр. Сүңгуір автокөліктер қажетті құтқару құрал-жабдықтарымен, құтқару кеудешелері және шеңберімен жарақтандырылған.
Орайы келгенде айта кетейік, өңірдегі 16 тыйым салынған және 47 қауіпті аймаққа 109 ескерту тақтайшасы мен 55 билборд орнатылған.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<