Төтеншеліктер өрттен 15 адамды құтқарды

602

0

Қызылорда қаласы «Шұғыла» шағын ауданындағы көпқабатты үйдің пәтерінен өрт шықты. Оқиға 20 ақпан түнгі сағат 03:09 минут шамасында №43 үйдің 5-қабатындағы 37-пәтерде басталған. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрсұлтан Ибрагимов айтып берді.

– Өрт сөндірушілер 5-қабаттан баспалдақ арқылы 6 ересек адам мен 3 жасөспірімді құтқарды. Сонымен қатар, 03 сағат 26 минутта балкон арқылы арнайы автосатымен жоғары қабатқа шыққан құтқарушылар №38 пәтерден 2 ересек, 3 жасөспірімді шығарды. Көршілес орналасқан пәтерлерді қоса алғанда барлығы 15 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Айта кететін жайт, қонақ бөлмедегі барлық тұрмыстық заттар, ас бөлменің есігі мен терезесі, кіреберіс бөлме есігі түгелдей жанып кеткен. Қызметкерлер 27 литрлік газ баллонын қауіпсіз жерге қойды, – деді ол.

Төтеншеліктердің айтуынша, аталған тұрғын үй табиғи газға қосылмаған, сол себепті тұрғындар газ баллонын пайдаланып отыр. Ал, өрт болған пәтер жалға беріліп келіпті. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды.

«СБ» ақпарат