Тоғыз айдың нәтижелері

376

0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті 9 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жедел мәжіліс өткізді.

Екінші жартыжылдықтан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аймақтық департаменттері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы негізінде әрекет етуде. Бұл картаға өңірлерде халық пен бизнесті толғандыратын көкейтесті мәселелер мен сыбайлас жемқорлыққа бейім салалар  енгізілген. Осылайша департаменттің нәтижелері облыс тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және картаға енген бағыттардың тәуекелдерін жоюға негізделіп отыр.

Департамент мәліметінше, 36 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген, басым көбі қаржы саласы мен жергілікті атқарушы органдарда орын алған. 34 адамның қылмыстық іс-әрекеті әшкереленді. Келтірілген залалдың 114,3 млн теңгесі өндірілді.

Мәжілісте превенция, яғни профилактикалық және алдын алу шараларының барысы талқыланды. Аталған жұмыстар аясында көлік бақылау инспекциясы, квазимемлекеттік және көші-қон салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 3 сыртқы талдау жүргізілсе, басқа да өзекті салаларға қатысты 12 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жасалған. Олардың нәтижелерімен жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелерге ұйымдастырушылық шараларын қолдану жөнінде 162 ұсыным берілген. Анықталған жемқорлық тәуекелдерін жоққа шығару үшін уәкілетті орталық органдарға салалық нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 30 ұсыным жолданған.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде біршама мемлекеттік мекемелерге сатып алу бағаларын қайта қарау туралы жолданған ұсынымдар негізінде 962 млн теңге бюджеттік қаржының үнемделуіне қол жеткізілді. «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне жүргізілген тексеру қорытындысымен мекеме тарапынан ауызсумен жабдықтау, ағынды суды бұру қызметтерінің тарифіне «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалған несиелік келісім-шарттары бойынша шығындардың мөлшері негізсіз қосылып, есептелгені анықталғаннан кейін, департамент бастамасымен тұтынушыларға жалпы 49,9 млн теңгенің тарифі қайта есептелді. Нәтижесінде ауызсумен жабдықтау қызметінің орташа тарифі 1,94%, ал ағынды суды бұру қызметінің орташа тарифі  0,28% төмендеді.

Облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның 3 отырысы өтіп, жер телімдерін табыстау, жол құрылысы, агроөнеркәсіптік саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы және т.б.  мәселелері қаралды. Облыс қоғамдық кеңестің құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі комиссиясының 3 отырысында ішкі істер органдарында, квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына байланысты мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданған.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидаларына сәйкес жемқорлық деректері жөнінде хабарлағандары үшін 8 азаматқа жалпы 1643800 теңге сыйақы берілді. Азаматтарға кез келген жемқорлық оқиғалары туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығы 1424 нөміріне хабарлауға болады. Облыс аумағында ұзақ уақыт бойы өз шешімін таппай келген жүйелі және картадағы мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жалғасуда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<