Тойхана тігін фабрикасына айналды

580

0

«Бәйтерек» мейрамханасын тігін фабрикасына айналдырған кәсіпкер Дінмұхамед Абызовтың ісіне көпшілік ерекше қолдау танытуда. Қаламызда өндіріс орнынан мейрамхана көп деп реніш білдіретін едік. 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Dalatex» тігін фабрикасы енді кең ғимаратқа орналасты.

Бүгінде ерлер, әйелдер және балалар жейдесін, арнайы жұмыс киімдері мен күштік құрылымдардың формаларын тігетін фабрикада 80 адам еңбек етеді. Алдағы уақытта жұмысшылар саны мен тапсырыстарды арттыру ойда бар.

– Жеңіл өнеркәсіп саласы бізде кенжелеп қалғанын білесіздер. Осы уақытқа дейін біздің ұжым қаншама қиындықты еңсерді. Енді кең әрі жайлы ғимаратта ісімізді дамытып, тапсырыстарды көбірек қабылдауға мүмкіндігіміз артуда. Біз ең алдымен сапаға көңіл бөлеміз. Өндірістің әрбір кезеңін тігіншілер үлкен жауапкершілікпен орындайды. Сондықтан да болар, отандық өнімге шетелден де тапсырыстар түсіп жатады, – дейді кәсіпкер.

Бір айта кетерлігі, мұнда жұмысқа тұру үшін арнайы білімнің керегі жоқ. Тек тігінге икеміңіз бен жұмыс істеуге деген құлшынысыңыз болса жеткілікті. Ал қалғанын фабрикадағы тәжірибелі мамандар өздері үйретіп, жол көрсетеді. Мәселен, Салтанат Жаншора есімді бойжеткеннің мамандығы басқа болса да тігін тігуді жақсы көреді. Осында келгеніне аз уақыт болғанымен, біраз нәрсені үйреніп алған.

–    Біріміз жеңін, біріміз балағын тігіп, өнімнің сапалы шығуына үлес қосамыз. Менің әлі үйренерім көп. Бастысы, өз жұмысым ұнайды. Әр тапсырысты асқан ыждағаттылықпен орындаймыз. Тұрақты жұмыс тапқаныма қуаныштымын, – дейді ол.

Машақаты көп текстиль саласында тер төгу оңай емес. Оның үстіне әрісі Қытай, Түркиямен берісі қырғыз және өзбек ағайындармен бәсекеге төтеп беру керек. Отандық өнімді қайтсем өркендетемін деп жүрген кәсіпкерге табыс тілейміз!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<