Топ мүшелеріне тілектестік білдірді

348

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «6ELLUCCI» тобының мүшелері мен продюсерлерін қабылдады. Кездесуде шығармашылық ұжымға сәттілік тілеп, Қызылорда өңіріндегі бастамаларды республикаға танытуға қосқан үлесі үшін «Сыр жұлдыздары» арнайы дипломын табыстады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, терең білімді, заманауи көзқарастағы жастардың қолында»  деген болатын. Сыр өңірінде көшбасшы, озат, ғылым мен білімге құштар жастарымыз өте көп.

Өздеріңізге белгілі, біздің аймақтан талай таланттар түлеген. «КZО 11» заманауи әуенін орындаушы ретінде сіздердің жетістіктеріңізді әлеуметтік желіден, телеарналардан көрдік. Жастар арасында жоғары танымалдыққа ие болып, көпшіліктің құрметі мен қошеметіне бөлендіңіздер.

Әлеуметтік желіде өздеріңіздің әндеріңіз арқылы Қызылордада соңғы уақытта атқарылған ауқымды істер мен маңызды жобалар кеңінен насихатталуда. Өз шығармашылықтарыңыз арқылы аймағымыздың, Сыр өңірінің абыройын асқақтатуға зор үлес қосып келесіздер. Еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді облыс әкімі.

Кездесу соңында топ мүшелері мен продюсерлер аймақ басшысына шынайы ризашылық білдіріп, бүгінгі қабылдаудың шығармашылыққа үлкен қолдау екенін атап өтті.

2023 жылдың 26 мамырында құрылған «6ELLUCCI» тобы бүгінде қазақстандық рэп жанрын қарқынды дамытып, тыңдармандардың зор қызығушылығына ие болуда. Топ Алматы қаласында жұмыс істейді және елімізге танымал Jamal & Ganja продюсерлік лейблның құрамына енген.

Білікті продюсерлердің кәсіби қолдауының арқасында «6ELLUCCI» шығармашылық тұрғыда өсіп, студиялық жазбалар мен музыкалық продакшн сапасын жаңа деңгейге көтеріп келеді.

Топтың шығармашылығы музыкалық платформаларда кеңінен таралып, тыңдарман жүрегінен орын тапты. «Ideal» атты синглы жүздеген мың көрілім жинап, Қазақстандағы үздік музыкалық парадтар қатарына енді.

Сондай-ақ «Көбелек» трегі мен Ghetto Dogs тобымен бірлесіп жазған «KZO 11» коллаборациясы да үлкен табысқа жетіп, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.

«СБ» ақпарат