“Топырағыңды басқаным – тау асқаным”

854

0

Ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Парасат» орденінің иегері, «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Сыр перзенті Иран-Ғайыптың 75 жылдық мерейтойына орай «Топырағыңды басқаным – тау асқаным» атты шығармашылық кеш өтті. Шығармашылық кешке облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Әдеби-музыкалық кеш ақын болмысын сомдаған театрландырылған қойылымнан бастау алып, Иран-Ғайыптың «Ұлы өзен» атты әні хор ұжымының сүйемелдеуімен орындалды.

– Сенен артық Ана жоқ, асыл кием,

Дидарыңды сағындым – Жасыл Күрең.

Құлақкесті құлыңмын – Ұлыңмын Мен,

Ұлылығың алдында басымды ием.

Ақын жүрегінің аласапыран күйі, алғаусыз ақ пейілі, туған топырағына деген шексіз сағынышы мен махаббаты тап осылай ақтарылып түскен…

Енді бір сәт ерек мінезді ақын Иран-Ғайыптың өзі сөз алып, көңіл пернесін дөп басып, күзгі жапырақтай саулап жүрек түкпірінен төгілген жыр шумақтарымен Сыр халқына ыстық ықыласын жолдады.

Ақын шығармашылығы сонау 1974 жылы жарық көрген «Жүрек жырлайды» атты алғашқы жыр жинағы арқылы елге етене таныс. Одан кейін «Тың құрбаны», «Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Алтын адам», «Алтын ажал», «Киелі күнә», «Хан – Абылай – Сабалақ», «Қорқыттың көрі», «Керкеткен», тағы басқа драмалық дастандар жазды. 1990 жылы 3 томдық, 2006 жылы 13 томдық таңдамалы жинағы оқырманмен қауышты.

– Бүгінге дейін жалпы 50-ден астам пьеса жазсам, оның оннан астамы Сыр бойы тұлғаларын танытуға арналды, – дейді ақын.

Кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ербол Есендосов ақын қаламынан туған «Қорқыттың көрі», «Мен ішпеген у бар ма?», «Кертолғау», Махамбет драмаларынан монологтар оқыды. Сондай-ақ, Хазірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи, Тұрмағамбет шайыр тұлғасын танытуға арналған рухты жыр жолдары көрермен қауымның жүрегіне жол тауып, қошеметіне бөленді.

Мерейтой иесі ақын Иран-Ғайыпқа филология ғылымдарының докторы, академик, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып құттықтау лебізін арнап, осынау шығармашылық кештің жырсүйер қауым үшін тағылымы мол екенін атап өтті. Сыр бойын дүбірлеткен әдеби жиыннан алған әсерін жыр шумақтарымен өрнектеп жеткізді.

Кешке автордың жары Дариға Амангелдиева және ҚР Мәдениет қайраткері Сәрсенкүл Ибрашова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актері Ербол Есендосов қатысты.

Шығармашылық кеште Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері, жалпы Сыр өнерпаздары ақын сөзіне жазылған ән-жырларды орындап, мазмұнды жиынның маңызын арттыра түсті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<