Топжарған шәкірттер талабы

1081

0

Президент Жолдауында: «Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа» деп атап көрсеткен болатын.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс. Сонымен бірге, жағымды жаңалығымыз да бар. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн», – деген болатын.

Бұл міндеттер сырбойылық ұстаздарды жаңа табыстарға жігерлендіре түсті. Заман талабына сай білім беру жолдарын іздестіріп, ғалымдармен ынтымақтаса жұмыс жүргізе бастады. Сондай ұжымдардың бірі – Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат.

Оқу орны 2010 жылы 300 орындық оқу ғимараты мен 240 орындық жатақханасы бар жаңа ғимаратқа көшті. 2017 жылы облыс мектеп-интернатқа Қазақстанның үш облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, елінің, жерінің гүлденуіне зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің есімі берілді.

Мектеп-интернат директоры Қарлығаш Ақышева: «Қазіргі таңда мектеп-интернатта 254 оқушыға 48 педагог маман сабақ береді, олардың 5-і үздік педагог, 2-і ғылым кандидаты, 11-і білім магистрі,    4-і шебер, 16-сы зерттеуші, 11-і сарапшы, 8-і модератор, 2-і жоғары санатты, 1-і  І санатты, 1-і ІІ санатты мұғалімдер.

Облыстық білім басқармасы басшысы, оқу-әдістемелік орталығы, «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы директорлары, «Серіктес директорлар» лигасы мүшелерінің қатысуымен «Пәндік олимпиада: нәтижеге бағытталған оқу» тақырыбында семинар өткізілді. Сонымен қатар odmi4.edu.kz мекен-жайы бойынша мектеп-интернаттың ресми сайты іске қосылды.

«Жас дарын» ғылыми қоғамының жұмысы жолға қойылды. Ізденуге бейім оқушылардың мекені болған орталық «Зерттеу шеберханасы» және «Цифрлы олимпиада» базасымен жұмыс жасауда. Ғылыми жоба байқауларынан орын алған оқушылар макеттерінің музейі мен QR код арқылы олимпиада тапсырмаларын шешуге арналған видеолары топтастырылған» – деді.

Мектеп басшысының айтуынша, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Б.Жанмолдаевпен ынтымақтаса жұмыс жүргізген соңғы екі жыл табысты болған. Ғалымның мектеп оқушыларын ғылыми жұмысқа бағыттап, пәндік олипиадаларға дайындаудағы еңбегі ерекше. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша өткен XIV Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі  ұжым үшін табысты болды. Қорытынды кезеңге Қызылорда облысы бойынша 10 оқушы қатысты, олардың 5-і – осы мектеп-интернат оқушысы. Топ жарған 2 оқушы күміс медаль иегері атанды. Олар – осы мектеп-интернаттың 11-сынып оқушылары Қақпан Нұрлыхан мен Бергенбекұлы Нұрдәулет.

Сонымен қатар, жеңімпаз оқушылар жоғары оқу орындарында оқуға арналған білім беру гранттарын жеңіп алды.  Бұл табыс ұжымды жаңа жетістіктерге бастайды.

Алдажар ӘБІЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі