Елордада «Бердібек Сапарбаев тұлғасы: дағдарыс-менеджер феномені» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияға қатысушыларға үндеу хат жолдады. Оны Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов оқып берді.
Қазірді қауым! Сіздерді Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциясының ашылуымен құттықтаймын. Бердібек Мәшбекұлы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді, – делінген Президенттің хатында.
Тоқаев атап өткендей, Сапарбаев бірқатар өңірге және мемлеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылып, халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді.
Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейміз. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі мен адал қызметі жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге, – деп Мемлекет басшысының хатын Қошанов оқып берді.
Президент конференция жұмысына сәттілік тіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<