Биыл Қызылорда медициналық жоғары колледжінің құрылғанына 95 жыл толды. Ғасырға жуық тарихы бар іргелі оқу орнын бүгінге дейін 40 мыңға жуық маман бітірген. Еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген түлектер ел медицинасының дамуына зор үлес қосуда.
Медицина колледжінің 95 және Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері Сара Дәуітбаеваның 90 жылдығына орай мерекелік жиын өтті.
Салтанатты кеште облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов мерейтоймен құттықтады.
– Медициналық мамандармен қамтамасыз етуде оқу орнының аймағымыз үшін маңызы жоғары. Салауатты қоғам қалыптасуы үшін дәрігердің білім-білігі аса маңызды. Баршаңызды оқу орнының 95 және ардақты ұстаз, дәрігер Сара Төлегенқызының 90 жылдығымен құттықтаймын. Қазір медициналық білім беру аясын кеңейту мақсатында бакалавриат білім беру бағдарламасы енгізіліп, жоғары білімді мейіргер біліктілігі берілуде. Студенттер кең спектрлі клиникалық дағдыларды, базалық және кәсіби құзыреттіліктерді игеру үшін тәжірибе жетілдіру жолға қойылған. Мәртебелі медицина мамандарымен колледж мерейі үстем бола бермек, – деді Олжас Ермекұлы.
Мерекелік кеште әр жылғы колледж түлектеріне мерейтойлық төсбелгі табысталды.
Салтанатты жиында лэд-экран арқылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты А.Әлназарова, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы Ә.Қыдыралиева, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті колледжінің студенттері құттықтауларын жеткізді.
Ғасырға жуық уақыт бедерінде оқу орны тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырды.
– Колледжді білек күшімен бірді жығатын спортшы да, білімімен мыңды жығатын ғалым да бітіріп шықты. Оқу-тәрбие жұмыстары мен шығармашылық ізденістер әсте толастаған емес. Кеңестік кезеңде ашылып, күрделі даму, қайта құру кезеңдерін басынан өткерген киелі шаңырақ бүгінде білім көшінен қалмай, абыройы мен мерейі тасыған іргелі оқу орнына айналды. Мұндай биікке көтерілудің артында жақсылардың қарымды еңбегі тұр. Солардың бірі – Сара Төлегенқызы. Оның қайсар мінезі мен іскерлігінің арқасында оқу базасы жаңартылды. Одан кейінгі жылдары халықаралық және республикалық медициналық университеттермен меморандумға отырып, тәжірибелік оқыту аясы кеңейді. Колледж білім алушылары үшін жаңа жатақхана берілді. Біз үшін әрдайым білім алушылардың жалпы және кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатымыз болып саналады, – деді Қызылорда медициналық жоғары колледж директоры Салтанат Тасмағанбетова.
Жиын соңында білім беру ұйымының тарихы мен жетістіктері және ұстаздардың еңбек жолы туралы сыр шертіліп, студенттер өз өнерін көрсетті.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<