ТОҚСАН ЖЫЛДЫҚТА ТАБЫЛҒАН ҚАЗЫНА

808

0

ТОҚСАН ЖЫЛДЫҚТА ТАБЫЛҒАН ҚАЗЫНА Табалдырықтан аттап, төрге озған жылда қазақ баспасөзі тарихында орны бар, Сыр елінің аға газеті – «Сыр бойының» жарыққа шыққанына 90 жыл толады. «Сыр бойы» –  еліміздегі байырғы басылымдардың бірі. Айдынды Арал мен қарт Қаратаудың аралығындағы елдің өткенін тарихқа, өнегесін тағылымға айналдырған өзіндік дәстүрі мен ұстанымы бар.  Қасиетті қарашаңырақта туған топырақтан түлеп ұшып, тұтас ұлт әдебиеті мен руханиятына қызмет еткен тұлғалардың қанаты қатайды.  
Газеттің алғашқы нөмірі  Қы­зылорда облысы құрылардан 9 жыл бұрын 1929 жылдың 1 шілдесі күні дәл бүгінгідей «Сыр бойы» атауымен жарық көрді. Бұл туралы басылымның 45 жылды­ғына арналған 1972 жылдың 28 шілдедегі санда ақын Асқар Тоқмағамбетов «Сыр бойының ше­жіресі» деген мақала жазған. Тө­менде мақаладан үзінді келтіріп отырмыз.
«Шежіренің әртүрлі сыры бар. Біреу шешендігімен, біреу көсем­дігімен, кейбіреулер көп жасаған қарттығымен артына шежіре қалдырып отырады. Бірақ бұлар белгілі бір уақыттың болмаса бір заманның шежіресін айтып артына қалдыра алмайды. Ал біздің айтқалы отырғанымыз аты «Сыр бойының», бірақ Сырдарияда болған ұлы оқиғалардың шежіресі десек қателеспеген болар едік. Елдің өсіп, саяси жағы мен экономикасының жылдан жылға өрлеп, өсіп отырғанының шежіресі. Осы өркеннің қалай жайылғанын өз бетіне жазып келе жатқан газет жайында болғалы отыр. ТОҚСАН ЖЫЛДЫҚТА ТАБЫЛҒАН ҚАЗЫНА 
Бұл шежіре – осыдан 45 жылдай бұрын ғана дүниеге келген «Сыр бойы» газеті туралы. Бұл –  астана 1929 жылы Қызылордадан Алма­тыға көшкеннен кейін туған шежі­ре. Өзіміз ат қойып, «Сыр бойы» газеті атап, Қызылорда аудандық партия, кеңес комитеттерінің және кәсіп­шілер бюросының органы болып, оны ресми түрде жарыққа шы­ғарғанынан басталды. Бұл өте ауыр, өте қиын кезең еді. Бұл кез ауылды жаппай коллективтендіру жұ­мысының жаңа қанат жайып, етек алған шағы еді.
«Сыр бойы» газеті осы тартыс, күрес үстінде дүниеге келді де партия басшыларымен тап жауларын, бай-қулактарға қарсы күресте өзінің жастығына қарамай өз шежіресін бастады. «Сыр бойы» газеті Сыр өңірі еңбекшілеріне талмастан насихат-үгіт жұмысын айбынды түрде жүргізіп отырды».
Торқалы 90 жылдықтың қарса­ңында А.Тоқмағамбетовтің біз­дің басылымның алғашқы нөмі­рі­­не қатысты мақаласынан бө­лек тағы бір құнды қазынаға кезіктік. Ол – ақынның «Сыр бойы­ның» алғашқы нөміріне арнап шы­ғар­ған өлеңі.  Әріптесіміз Биболат Сәтжан ақынның қызы әрі мұраларын жинастырушы, ұлағат­ты ұстаз Аякөз Асқарқызына жолы­ғып, қолжазбалармен, құн­ды құжаттармен танысқан еді. Сар­ғайған парақтардың арасындағы «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны шыққанда жазған өлеңінің қолжазбасын суретке түсіріп алыпты. «Сыр бойында» сызылмақ, «Үлгілі істің үлгісі» деп басылым­ның алғашқы қадамын сүйіншілеген шығарма 1928 жылдың 22 маусымында жазылған екен. Екінші бір құжат – 1929 жылдың 12 қазанында берілген, «Сыр бойы» газетінің жауапты редактор мен хатшы Байдулиннің қолы қойылған, ақынның Қармақшы ауданына іссапар куәлігі.
Бұл құжаттар ақынның М.Горь­кий­дің қолынан алған Бүкіл­одақ­тық Жазушылар одағына мүшелік билеті, өзге өлеңдері және хаттарымен бірге сақталып келген. Біздің қолымызда газетіміздің алғашқы жылдардағы нөмірлері туралы де­ректер тым аз болғандықтан, тари­хы­мызға қатысты тасқа таңбаланған қазынаны оқырман назарына ұсын­ғанды жөн көрдік.  
«Сыр бойы»
(«Сыр бойы» газетінің бірінші саны шыққанда)
«Сыр бойы» Сырдың тұңғышы,
Тұңғыш ұшқан жыл құсы.
«Сыр бойында» сызылмақ,
Үлгілі істің үлгісі.
Жаңарған жаңа ауылмен,
Жалшы-батрақ тұрмысы.
Артель, мектеп, коллектив
Ауылда кеңес құрылысы.
Бюрократ бейбастақ,
Төрешіл төре қылмысы.
«Сыр бойы» Сырға сыр берсін,
«Сыр бойы» Сырға нұр берсін.
Партия жолын айқындап,
Тілектеске тіл берсін.
Кемісіне сын берсін.
Көлемін жайып, көркейіп
Өркені өсіп түрленсін.
Тілшілерден бір тілек,
Жазғандарың шын болсын.
Қылмысы болса жасырма,
Мейлі десе кім болсын.
Атқамінер алаяқ,
Асқақтамай жым болсын.
Онымен қатар бір тілек,
Естеріңде бұл болсын.
«Сыр бойы» жасқа жеткенше,
Неше-неше мың болсын.
«Сыр бойын» Сырға шашайық,
Бәсекеге науқан ашайық.
Жұмыла тұрып әу десіп,
Санына сапа қосайық.
«Көп түкірсе көл болмақ»,
Жайнатайық, жасайық.

А.ТОҚМАҒАМБЕТОВ,
Қызылорда,
1928 жыл 22 маусым.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<