Көкке ұшқан ғарыш кемесі алда-жалда апатқа ұшырап, төмен құлдиласа біз қаншалықты дайынбыз? Тосыннан болған жайға таңырқаумен таңдай қағып қала береміз бе? Әлде сақадай саймыз ба?
Қармақшы ауданына қарасты Диірментөбе елді мекеніндегі «Протон-2019» оқу-жаттығуында арнайы жасақтардың дайындығы пысықталды. Мұнда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі республикалық комиссиялар, эвакуациялық комиссиялар, азаматтық қорғау қызметтері, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар келіп, мән-жайға қанықты. Шараға 63 техника, 450-ге жуық адам қатысты.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған зымырантасығыш апатқа ұшыраған жағдайда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін басқару, өңірлік құрылымдық күштердің дайындығын пысықтау болды.
«Протон-М» зымыран тасығышы жарылған соң өрт сөндірушілер дер кезінде оқиға орнына жетті. Тілсіз жаумен мамандар арпалысып жатқанда тағы бір топ елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірумен айналысты. Медициналық көмек көрсететін арнайы мамандар да халықтың денсаулығына қарасты. Жедел штаб құрылды. Гептил төгілді делінген аймақта экологтар да өз жұмысын бастап кетті.
– Зымырантасығыш апатқа ұшыраса не істеу керек? Бірінші кезеңнің негізгі тапсырмасы – осы. Екіншісі – практикалық. Құтқару жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Мысалы, соңғы 20 жыл ішінде «Ютелсат» ғарыш аппаратымен «Протон-М» зымыран тасығыштары үздіксіз ұшырылып келеді. Десе де, бірнеше мәрте апатқа ұшырады. Қаншалықты дайын екеніміз осындай оқу-жаттығуда көрінеді. Бұған дейінгі апат салдарынан ауа гептилмен уланған кездер болды. Сондай сәттерде «Ғарыш экология» мекемесінің жауапты қызметкерлері де бар күшін сала жұмыс істейді. Бүгінгі жиын әрбіріміздің міндетімізді айшықтады, – деді облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығу қажет.
– Апатты жағдай орын алғанда тез арада қамданып, табиғатты уланудан қорғау үшін осындай жаттығу мамандардың біліктілігін арттырады. Шара жоғары деңгейде өтті. Тұрғындарды эвакуациялау да сәтті болды, – дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Байқоңыр кешеніндегі комитетінің жетекшісі Аманкелді Бекішев.
Дәулет ҚЫРДАН,
Қармақшы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<