Тозыққа толған автонарық

554

0

Автонарық тақырыбы қай кезде де халықтың назарында тұрған дүние. Былтыр шетелдік көлігі бар азаматтарды қуантқан бір жаңалық болғанын бәріміз білеміз. Бірнеше жылға созылған талқыдан соң Қазақстанда шетелдік нөмірдегі көліктерді тіркеуге рұқсат берілген еді. Бұл процесс 23 қаңтарда басталып қойды, қыркүйекке дейін созылмақ. Осыған орай біз өңірімізде көлік тіркеудің қалай жүріп жатқанын білдік. Бұдан бөлек, жалпы ел аумағында шетелдік көлікті тіркеудің кері жақтары да барын талдаймыз.

Сандар сөйлесе…

Бұл шешім талайды қуантқаны рас. Шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді жиі ұшыратамыз, бұған дейін иелерін тіркеу жайы мазалап келді. Арзан көлік іздеп, шекара асып келгендердің қарасы мол екені былтырғы утильалым дауында байқалған. Президент пәрменінен кейін біз атаған қауым бірреттік 200 мың теңге төлемін беріп, көлігін «қазақыландырып» алатын болды.

Қош, тақырыптың өзегіне оралайық. Жыл басындағы дерек бойынша, елімізде бас-аяғы 307 мыңнан астам шетелдік тіркеудегі машина бар.  Көбі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен кіргізілген. Әрине, оның бәрі тіркеуден өтпесі анық. Мәселен, кейбірінің шанағы ауысқан, оларды иесі тіркете алмайды.

Қызылорда облысында бұл істің белсенді жүріп жатқаны аңғарылады. Полиция департаментінің бізге ұсынған дерегіне қарасақ, тіркеу жұмыстары басталған қаңтардан бері шетелдік автокөліктерді заңдастыру үшін 9281 өтініш қабылданып, 8221 өтініш мақұлданып, осынша көлік заңдастырылып, тіркеліпті. Тағы 627 қызылордалық еліміздің өзге өңірлерінде шетелдік автокөліктерін тіркеткен. Тіркеудің басталғанына тура 4 ай болғанын ескерсек, алдағы 3 айдың төңірегінде бұл сан екі есеге дейін өсуі мүмкін екенін ескерген абзал.

Ескі-құсқыны еселеп алдық

Біз жоғарыда осы тақырып айналасында проблема барын айттық. Әрине, жүргізушілер үшін бұл шешім тиімді, Үкімет үшін пайдасы бар, тіркеуден түскен ақша аз да болса ел қазынасын молайтады, яғни, жауаптылар да есепсіз емес, салықтың бәрі ел экономикасына оң әсер етеді. Алайда стандартты утильалым мен алғашқы тіркеу құнының орнына бірреттік төлем жүргенімен, жауаптылар машиналардың шыққан жылына, экологиялық сәйкестігіне талап қоймады. Әуелде-ақ құжатта билік заңдастыратын көліктердің шыққан жылына қатысты ақпарат жоғын көз шалды. Бірақ құжат дайындалып жатқанда ІІМ машинаның экологиялық класы мен техникалық жабдықталуына қатысты шектеу болмайтынын айтқан. Елімізде ескі көліктің көп екенін ескерсек, шетелден келген машиналар осы санатты одан әрі толтырып, экологиялық зардабын тарттыруы мүмкін. Бұл дегеніңіз ескі-құсқы, құр шанағы әрең жүрген ескі көліктерді де қабылдап алғанымызды аңғартады. Онсыз да елімізде ескі көліктер өте көп. Былтыр еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың көліктің зауыттан шыққанына 20 жылдан асқаны мәлім болды. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 пайызды құраса, 2020 жылы 70 пайыздан асыпты. Уақыт тоқтап қалған жоқ, бұл үлестің артқаны даусыз. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған әрі экологиялық талапқа сай емес болып шығады. Шетелден кіргізілген көліктердің бәрі жаңа емес, басым бөлігіне 10 жылдан асқаны жасырын емес. Мәселенің тамыры тереңде жатыр. Екіншіден, Қазақстанда автонарық тұрақсыз, көбіне бағалар шарықтауға бейім. «Қаңтардан бастап шетелдік көліктер тіркеледі» дегенде автонарықтағы бағалар лезде көтеріле бастағаны есімізде. Әйтпесе оған дейін шетелдік нөмірдегі көліктердің бағасы өзгесінен біршама арзанырақ болатын. Биылға дейін шетелдік тіркеумен жүрген Toyota Camry көліктері аяқасты қымбаттай бастағаны байқалды. Жаңалықтан кейін шетелден әкелінген көліктің иелері бағаны күрт өсірді. Әрине, жұртты айыптай алмаймыз, халықтың сұранысындағы Toyota Camry көлігінің 40-тық шанақтағы нұсқасының шыққанына да 15 жылдан асып барады. Соған қарамастан қазір кемі 7 миллион теңге сұрайды. Осыдан кейін азаматтар шетелге шапқылайтыны түсінікті жайт. Не десек те, бізде ғана емес, қазір әлем елдерінде автокөлік нарығында баға шарықтап барады.

Сонымен, тақырыптың күнгейі мен көлеңкелі жағын қатар қарастырып, қысқаша шолып шықтық. Біз айтқан мәселелерді құзырлы ведомство өкілдері алдағы уақытта пысықтай жатар. Осы жерде бізді тағы бір толғандырғаны, шетелден көлік әкелу үрдісі әлі де болса тыйылмай тұр. Жақындағы Грузия мен Арменияны қойып, ел арғы құрлықтағы Америкадан да көлік алдыртпаққа шарлап жүр. Олар кіргізілген жағдайда ертеңгі күні, шамамен 2-3 жылдан кейін иелері көліктерін тіркеуді сұрап, тағы да талап қоймасына кепіл жоқ.

Мадияр Төлеу,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<