ТҮРКИЯДА БҰЛ МЕЙРАМ ҚАЛАЙ ТОЙЛАНАДЫ?

581

0

ТҮРКИЯДА БҰЛ МЕЙРАМ ҚАЛАЙ ТОЙЛАНАДЫ? Наурыз – күн мен түн теңелген күн. Елді бірлікке, достыққа ұмтылдырған күн. Бақыттың бастауы, жақсылықтың жаршысы. Тарихи тамырын тереңнен тартқан бұл мейрам қай кезде болмасын еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі болып келеді.  Оның түбі бір түркі халықтары үшін де орны ерек. Осы ретте біз Түркияның Денизлі қаласында білімін шыңдап жүрген жерлесіміз Нұрбай Шәкімбаймен хабарласып, бауырлас елде айшықты мерекенің тойлануы мен салт-дәстүр сабақтастығы жайлы біраз сауалға жауап алған едік.

– Түркі елінің мәдениеті, халқының тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мені қатты қызықтыратын. Содан болар, осы мемлекетті бір көрсем деп армандадым. Мақсат алға жетеледі. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне магистратураға түстім. Мұнда «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы арқылы кез-келген мемлекетте білім алуға толыққанды мүмкіндік бар. Мен соны тиімді пайдаландым. Денизлі қаласындағы Памуккале университетінің журналистика және саясаттану факультетінде білім алу бақыты бұйырды. Қазір бұл университетте Германия, Польша, Румыния, Норвегия, Молдавия, Иран, сондай-ақ Африка елдері мен Орта Азияның бірқатар мемлекеттерінен келген замандастарым бар. Аралас-құраласпыз. Түрлі мәдениетке қанықтық. Бұл орайда түркі халқының қазақ жұрты секілді қонақжай екенін айтқым келеді. Олар құдайы қонақ келсе, астындағы жалғыз атын сойып беріп, өзі жаяу қалар жандардың қатарында. Ұқсастық көп. Оны жақында аталып өтетін Наурыз мерекесінен байқауға болады, – дейді кейіпкеріміз.

Нұрбай бұл күн «Жыл басы» деп есептелетінін айтады. Тағы бір қызықты дерек, 1995 жылы Түркияның сол кездегі премьер-министрі Тансу Чиллер ханымның тікелей араласуымен ол ресми мейрам қатарынан орын алған екен. Алайда, Түркияда Наурыз біздегіндей тойланбаған. Осыған дейін бұл елде осы мейрамды тек күрттер тойлап келген. Тек соңғы жылдары мерекені атап өтуді түрік халқы қайта қолға алған көрінеді. Бұл, бір жағынан ағайындас, туыс мемлекеттердің барлығы тойлайтын мерекеден шет қалмаудан, оларға жақындаудан туған игі ниет болса керек.

– Мейрам Түркияның түкпір-түкпірінде «Сұлтан Наурыз», «Наурыздың тоғысы», «Наурыздағы мұз бұзылысы» және тағы да басқа атаулармен тойланады. Шуақты мерекенің алдында елде тазалық шаралары ұйымдастырылады. Мереке күні тұрғындар алдымен зират басына барып, құран бағыштап, дайындалған тағамдардан дәм татады. Сондай-ақ, «Жаңару мерекесінде» белгіленген ағаш бұтақтарына түрлі-түсті ленталар байланады. Ол мерекенің ресми түрде басталғанын аңғартса керек. Ақ жаулықты әжелер көп кездесе бермейтін «Наурыз ие» деп аталатын арнайы ақ қанттан шашу шашып, қариялар жағы араздасып жүрген жандарды немесе шаңырағы шайқалып, ажырасу алдында тұрған отбасы мүшелерін қайта табыстырады. Бұған қоса жігіттер екі топқа бөлініп, ат үстінде «Жырит» деп аталатын сайыс түрін ұйымдастырады. Бұл жүйріктің мықтылығы мен азаматтардың батырлығын бірдей сынауға мүмкіндік береді. Мереке қарсаңында біз де дайындық үстіндеміз. Барлық шаралардан қалыс қалмауға тырысамыз, – дейді Нұрбай.

Әріптесіміз сөз соңында елдегі ағайынды айшықты мерекемен құттықтауды өтінді. Әр отбасыға береке-бірлік, қуаныш пен шаттық тілеймін деген ыстық лебізін жолдады.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<