«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ата-баба рухын құрметтеуге қатысты сауапты істердің де қатары арта түсті.
Өткен бейсенбі күні «Оқшы ата» әулиелер кешенінде Қожамсүгір бабаға қойылған ескерткіш-белгі мен қайта тұрғызылған Есабыз ата кесенесінің ашылу шарасы болды, ас берілді.
Самарқанның көк тасы мен Атыраудың ақ тасынан қаланған ескерткіш пен кесене «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының бойынан бой көтерді. Олардың айналасына адам тынығып аялдайтын орындар қойылып, жәдігер сөздер жазылатын стеллалар орнатылған.
Екі мың адам қатысқан жиынның алғысөзінде Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы шараның мәніне тоқталды. Бұл іске аудан әкімдігінің жер бөліп, көмек қолын созғанын айтты.
– Шиелі өңірі ұлы батырлар мен ірі әулиелер мекені. «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген болатын Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі істің ұрпаққа берер тәрбиесі зор.
«Оқшы ата» кешені келешекте туристер түсетін абаттандырылған көрікті орынға айналады. Бұл игілік – соның басы, – деді аудан басшысы.
Сонымен бірге шара барысында қоғам қайраткерлері – Абдулла Әбенов, Амангелді Құдайбергенов, Мұхиддин Исмайлов, Махмұт Нәлібаев секілді азаматтар сөз сөйледі.
Ақын Кенжебай Жүсіпов жыр-арнау толғады.
Тарихшы Өтеген Әбдіраманов пен ардагер Нәметжан Байменов бабалар баянына тоқталып, осы сауапты істің басы-қасында болғандарға алғыс білдірді.
17-ші ғасырдың басында өмір сүрген Қожамсүгір бабамыз – жауда батыр, дауда шешен, кеңесте көсем болған кісі, дін әлемінде есімі қадірлі Есабыз атаның әкесі. Жас кезінде ілім іздеп, араб еліне барған. Оның бойындағы ерекше қасиеттерді тән алған Мекке халифы Әбдішүкір оған өзінің қызын қосқан. Елге келіп, ағартушылықпен айналысқан бабамыз Жаңақорғандағы Қорасан ата қорымына жерленген.
Күрежол бойынан ескерткіш-белгі соғылып, жамбасы тиген жерден топырақ әкелінуі жер шалғайлығына орай ұрпағының дұға жолдап отыруын оңайлатуға да сеп болды.
Ел-жұрт куә болған осы сауапты іске Қызылорда қаласының құрметті азаматы Әбдіқабыл Жанұзақов – 2,2 млн, белгілі кәсіпкер Рабибі Нұржанова – 3,5 млн, 1 жылқы, кәсіпкер-меценат Айдарбек Сейітмұратов – 2 млн, кәсіпкер Сағитжан Алтынбеков 1 млн теңге қаражат қосқан. Ал, Есабыз әулиенің кесенесін қайта тұрғызу Бақытжан мен Бауыржан Асқаровтардың демеушілігімен іске асты.
Көз тартқан ескерткіш пен кесене Қазақстанның құрметті құрылысшысы Марат Қожабековтің архитектуралық жобасымен салынған. Жалпы, осы ортақ істен бабадан тарағандардың шет қалғаны жоқ.
Кесене мен ескерткіш-белгі құрылысына еңбек сіңірген азаматтарды «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрайымы Фатима Маханбет «Шиелі ауданына 90 жыл» мерекелік медалімен марапаттап, жазушы-журналист Жүзбай Таңрықбаев ел ағаларына шапан жапты.
Аста «Сырдария-Ақмешіт» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов аталар рухына құран бағыштады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<