Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы қоғамның ең өзекті әлеуметтік мәселелерін көтеруімен ерекшеленді. Басты тірек салалардың даму жолдары айқын аталды. Алдағы міндеттер нақты белгіленді.
Жолдауда «Азаматтарымыздың барлық сұрақтарын тыңдай білетін және оған тиімді бағытта жауап бере алатын үйлесімді үкіметтің болуы, ол – қоғаммен ашық пікірдің орнауына септігін тигізетіндігі сөзсіз» деп көрсетілген. Ендеше, дәрігер ретінде де, депутаттық міндетімде де халықтың пікірін тыңдау парызым болып саналмақ. Бұл Президент жүктеген ашықтық қағидатымен үндеседі.
Жаңақорған ауданы, Түгіскен сайлау округі атынан облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланғандықтан тұрғындармен жиі кездесемін. Олардың пікірлері, ұсыныстары, әлеуметтік тұрмыстарын жақсартуға деген жоспарларын тыңдап, іске асыру тетіктерін қарастырамыз. Ұсыныс-тілектердің барлығын назарға алып, тиісті шешімдер қабылдау да маңызды.
Ауданда атқарылған істер аз емес. Елді мекендер арасында 47 км қашықтықта жол жөнделсе, 6 елді мекенде медициналық нысандар жаңа ғимаратқа көшірілді. Сайлаушыларыммен кездескен сайын ең бірінші олардың қаншалықты сапалы медициналық көмек алып жатқанына мән беремін. Жолдауда ең бастысы ана мен бала өлімін азайту, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге мән берілді. Аталған көрсеткіш еліміздің даму қарқынына тікелей әсер етеді. Қазіргі уақытта диагноз қоюда заманауи технологиялар ауруханаларда орнатылуы тиіс. Осы мақсатта Жаңақорған аудандық ауруханасына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында компьютерлі томография алу жоспары бар.
Халық алдындағы міндетіміз айқын. Депутат ретінде мемлекеттік саясаттың орындалуына жете мән беріп, медицина саласының дамуына қажет жұмыстың орындалуына мүдделік танытып, елдің өсіп-өркендеуіне күш сала бермекпіз.
Нұриддин Әмитов,
облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері,
облыстық мәслихат депутаты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<