Күн райы жылынысымен коммуналдық қызмет пен төтенше жағдай саласының мамандары үшін нағыз қарбалас басталады. Қытымыр қыста қалың қардың қаупімен күрескендер енді су тасқынына қарсы сақтық шараларын күшейтеді. Кеше төтенше жағдай мен өзге де тиісті мекемелер арасында «Көктем-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.
«Дабыл-1001» шартты белгісін қабылдау және облыстың басқару органдарына жеткізуден бастау алған оқу-даярлық шаралары Тасбөгет кентіндегі су торабында жалғасты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержанов құтқарушы жасақтар дайындығын барлап, жоспарлы түрдегі іс-қимылдарды пысықтады. Сондай-ақ, өңірде бірқатар аудандарда сел жүру қаупі бар екенін ескертті.
«Көктем-2018» аясында «Су тасуы кезіндегі авариялық-құтқару қызметтерінің су басқан аумақтан тұрғындарды құтқару, көшіру, медициналық көмек көрсету және ТЖ зардаптарын жою» тақырыбында құтқарушылар біліктілігін тәжірибе жүзінде көрсетті. Қала іргесіндегі Талсуат елді мекенінде ұйымдастырылған бұл жиынға медицина, құқық қорғау, өрт сөндіру, жедел іздестіру, жолаушыларды тасымалдау мамандары мен Ұлттық ұлан жауынгерлері жұмылдырылды. Дайындық сценарийі бойынша Сырдария өзені арнасынан асып, аталған елді мекенді су басады. Осы сәтте ТЖД мамандары суға батып бара жатқан екі адамды қауіпті аумақтан алып шығады. Апат аймағынан 25 адамды №212 орта мектепке эвакуациялап, тасқынды тоқтату амалдары жүргізіледі.
Әр жыл сайын өткізілетін «Көктем-2018» РКШОЖ табиғаттан болатын төтенше жағдайлардың алдын алуды көздейді. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан оқу-даярлық шаралары алдағы күндері де жалғасатын болады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<