Құтты қонысымыз – Қазақстан

377

0

Бір кездері саясаттың салқынымен туған жерінен ауа көшіп, табиғаты бөтен, тұрмыс-тіршілігі бөлек қазақ жеріне қоныстанған Пактар әулетінің қызы Лилия кішкентайынан қазақ балаларымен қатар өсті. Әлі есінде, өзі құралпы қазақ қыздарымен бірге ойнап жүріп, шоққа піскен ып-ыстық тапа нанды таласа-тармаса бөлісіп жейтін. Сондайда қариялардың қабағынан жылылық көріп, маңдайынан сипаған алақанынан мейірім шуағын сезінетін. 

Қиыр Шығыстан Қазақ­станға келгенде (1937 жылы) анасы Ким Лира небәрі он үш жаста болған екен. Ашар­шылықтың азабынан өздері әзер күнелтіп жатқан қазақ жұрты тағдыры тартысқа түскен корей отбасыларына қамқор пейіл танытты. Қатарға қосып, қолындағы азғантай асын бөліп ішті. Осылайша бойжеткен Лира аудандық денсаулық саласында ұзақ жыл абыройлы еңбек етті. Жары Андрейден ерте айырылып, жалғыз қызы Лилияны қатарға қосуға барын салды.

Қазақ халқының ортасында өскесін, талап бірдей, тәрбие тіні сабақтас, бірте-бірте тілі де түсінікті болып кетті. Жалағаштың жайсаң жұртынан ешқандай жаттық көрген жоқ, қайта қамқорлығы мен қолдауы ерекше болды. Ол үнемі қызына халыққа жақын болуды, адал еңбек етіп, ар-ибасын сақтауды айтып отыратын. Анасының ақылымен Лилия да қазақ халқының  салт-дәстүр, әдет-ғұрпына, танымы мен тәр­биесіне құрметпен қарауды жастайынан жадына түйіп өсті.

Аудан орталығындағы №31 орта мектептен орта білім алып, 1972 жылы Қы­зыл­орда медициналық кол­леджін үздік оқып бітірген Пак Лилия аудандық өкпе аурулары ауруханасынан еңбек жолын бастады. Ең алдымен емделушілерді дер кезінде қажетті дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етуге ден қойды. Алдына келген науқастың талап-тілегіне мұ­қият қарайтын. Содан болар, дертіне дауа іздеген жабырқау жандар оның кәсіби қызметінен бөлек, жылы сө­зінен де жұбаныш табатын. Өз ісін талапқа сай тиянақты атқаратын  маман қоғамдық және санитарлық ағарту жұ­мыс­тарына да белсене аралас­ты. Арада жылдар өте келе абыройлы қызметімен ауыл-аймақтың алғысына бөленді. Еңбек жолының соңғы жылдары аудандық орталық ауруханада аға мейіркеш қызметін атқарды. Бас-аяғы қырық екі жыл денсаулық сақтау сала­сында қызмет еткен Пак Лилия Андрейқызы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасын, ҚР Ден­саулық сақтау минис­тр­лігінің «Денсаулық сақтау ісіндегі үздік қызметі үшін» төсбелгісін, тағы басқа көп­теген марапаттарды иеленді.

Аяулы жары Пак Мирон ағайымызбен бір шаңырақта 50 жыл бақытты ғұмыр кешіп, үш бала тәрбиелеп өсірді. Жары аудандық электр тарату жүйесі мекемесінде ұзақ жыл абыройлы еңбек етті. Бүгінде олар ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, он шақты немере, үш шөбере сүйіп отыр. Осы арада айта кетейік, Пак отбасының екі келіні қазақ, сондай-ақ, немере қызы да қазақ отбасына келін болып түсті. Қуанышы мен қайғысын бірге бөлісіп, қазан-ошағы араласып жатқан Пак әулеті атамекен, құтты қонысымыз – Қазақстан,-дейді. Соның айғағы болар, олардың «беташар», «қыз ұзату», «бесіксалар», «тұсау­кесер» тойлары да қазақы дәс­түрге сай аталып өтеді. Құда күтіп, сый табағын тартады. Сондай-ақ, Наурыз, Айт мерекелерінде қазы-қартасын асып, бауырсағын пісіріп, дас­тарханын дәмге толтырып, қонақ күтеді.

Бірде Жалағашқа бар­ға­нымда Лилия апайды кез­дес­тірдім. Қазақша зерленген, көздің жауын алатын  әдемі қамзол киіп алыпты. Әдеттегі әйел затына тән қызығушылықпен:

– Лилия апай, мына керемет қамзолды қайдан ал­дыңыз? – деп сұрадым.

– Құдалардың кигізген «киті». Жақында немеремді ұзатып едім. Сонда кигенім ғой. Мынадай білезігі тағы бар, – деп ақ көңіл апайымыз жаңалығын жайып салды.

– Құтты болсын! Балалар бақытты болсын!

– Иә, ең бастысы, балала­рымыз бақытты болсын! Алған-бергенде тұрған еш­теңе жоқ, – дейді Лилия апай. Расында, ол кісі қазақ хал­­қының жөн-жоралғысын жақ­сы біледі, ырым-тыйымдарын да ұстанады. Баяғы біздің әжелеріміз сияқты ол да «көз тимесін» деп немере-шөбересінің омырауына түй­реуіш қадап қоятыны бар. Осындай тамаша табиғи болмысы, кеңпейіл, көпшіл қасиеті кез келген адамды өзіне баурап алады.

–  Лилия апай, аға буын өкілі, еңбек ардагері ретінде бүгінгі жастарға қандай ақыл- кеңес айтар едіңіз?

– Бүгінгі жастардың талпынысы бөлек, таңдауы биік. Жан-жақты білім алып, қарым-қабілетін танытуына толық мүмкіндігі бар. Ал жақсы табыс тапқан адамның тұрмысы да жайлы болады. Сондықтан барынша білімге құштарлық қажет,-дейді ол.

Иә, сол бір қысылтаяң шақта кең құшағына сый­дырған қазақ халқының арқа­сында емін-еркін өсіп-өніп, бейбіт те берекелі өмір сүрген Пак әулеті бұл күнде  қазақпен құда-жекжат болып, татулық тамыры тереңдей түскен.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<