Байыбына барып саралай білгенге Президент Жолдауында стратегиялық мақсат-міндеттер анық айтылды.
Жолдаудың өзегі – цифрлы мемлекет құру бастамасымен сабақтасты. Шын мәнінде цифрлы қадамдарға көшу, жасанды интеллектіні енгізу барлық салалардың тамырына қан жүгіртеді. Цифрландыру ең алдымен уақыт үнемдеудің, адами процестердің арнасын азайтып, сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмауға жол ашады.
Президент негізгі тірек салалардың бәрінде цифрлы технологияларды, жасанды интеллект элементтерін кеңінен қолдануды тапсырды. Цифрлы хабтар құру, цифрлы қазақ мектептерінің желісін құру, Цифрлық кодекс әзірлеу және салалық министрлік құру ісін міндеттеді.
Цифрландыруға түбегейлі көшу – экономиканы жаңғыртуға септеседі.
Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыру, банк саласын цифрландыру, киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін интеллектуалды жүйе жасау, Alatau City цифрлы жобасын жүзеге асыру, агрохабтар және логистика орталықтарын дамыту, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе іске асыру үшін цифрлы жобаларды сәтті жүзеге асыруға тиіспіз.
Құқық қорғау саласының тәжірибелі маманы ретінде жасанды интеллектіні, цифрлы жобаларды құқық қорғау саласына жүйелі түрде енгізуді қолдаймын. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, адам өміріне қолайлы жағдай жасау – полиция қызметкерінің төл міндеті. Мұны Президентіміз Жолдауда көліктегі қауіпсіздікке жеткілікті деңгейде мән беруге шақырды. Электросамокаттарға назар аударған жөн деп атап өткені көшедегі қозғалыстарды, адам өмірін сақтауға айрықша көңіл бөлу қажет екенін алға тартты.
Президент әркез мемлекеттік құрылым, мемлекеттік қызметшілер халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасына баса назар аудару қажет екенін қаперге салып келеді. Әсіресе, мемлекет үшін маңызды мәселелерді халықпен кеңесе отырып шешу, республикалық референдум өткізу бастамасын көтерді. Осы кезге дейін АЭС салу мәселесін референдумға шығарды. Енді тағы бір маңызды мәселені ел назарына ұсынып отыр.
Парламентті қос палаталы жүйеден бір палатаға ауыстыру, яғни Сенатты тарату бастамасын республикалық референдуммен шешу мәселесін күн тәртібіне қойды. Шын мәнінде, мәслихат депутаты ретінде бұл мәселеге орнықты шешім қажет екенін сезінеміз.
Мемлекет басшысы саяси партиялардың әлеуетін күшейту арқылы жаңа депутаттық корпусты жасақтау ісін жүйелі жүргізу қажет деп санайды. Бұл – құптарлық қадам. Түптеп келгенде, цифрлы мемлекетке арқау болар әрбір бастамаларды туған жерін қадірлейтін Адал азаматтар жүзеге асырады.
Жолдаудан түйген түйін – осы.
Әмірбек ШАЙМАҒАНБЕТОВ,
облыстық мәслихат депутаты





