Түбегейлі өзгерістер пәрмен алады

317

0

Осыдан тура төрт күн бұрын Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, ең маңызды саяси науқанда белсенділік танытты. Орталық сайлау комиссиясының сейсенбіде нақтыланған қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлына Қазақстан халқы жаппай өз қолдауын білдірді. Ендігі жерде Үкіметтің алдағы жеті жылдағы негізгі міндеті – сайланған Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі нәтижелі түрде іс жүзіне асыру. Демек, экономикада, әлеуметтік салада және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер пәрмен алатын болады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов сейсенбіде өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.

Әрине, Үкімет басшысы атап өткендей, барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволар осы мақсат үшін, яғни әділетті Қазақстан құру жолында халықтың мүддесіне сай күш біріктіріп, жұмыла еңбек етуі тиіс.

«Үкіметтің жұмысы негізінен экономиканы демонополизациялауға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға және азаматтардың табысын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталатын болады», – деп шегелей түсті Премьер-министр.

Ұлттық жоба – ұлт саулығына

Осы жолғы отырыста талқыланған мәселенің бірі – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жоспары.

Бұл – шын мәнінде, өткір әрі мықтап тұрып елекке салатын мәселе. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың хабарлауынша, қазір ауылда шамамен 8 млн адам тұрады. Бұл республика халқының шамамен 41%-ы. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым қызметкерлері көмек көрсетеді. Сонымен қатар арнайы жылжымалы кешендер, медициналық пойыздар және санитарлық авиация бар. Президент тапсырмасына сай әзірленген «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы негізінен үш міндетті қамтиды. Бірінші, фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделсе, екінші –  заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру, үшінші – ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету.

Үкімет басшысының айтуынша, ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажет.  Аталған жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісі салынып, қайта жөнделеді. 12 аурухана жаңғыртылып, жаңадан 20 аудандық аурухана ашылады. Сонымен қатар басқа да жобалар аясында, мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша медициналық объектілер салу көзделіп отыр.

«Ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық медициналық объект ашылатын болады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуді жедел қамтамасыз етіп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет» деді Әлихан Смайылов.

Ұлттық жоба аясында ауылдағы медициналық ұйымдарға жаппай жаңа технологиялар енгізу көзделген. Дегенде, бұл жобаның аса маңызды аспектілерінің бірі – кадр тапшылығы проблемасын шешу және ауылдық жердегі медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру.

«Өңір әкімдері ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударуы тиіс. Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеуге мүдделі болуы керек» деді Премьер-министр.

Суды ысырапсыз пайдалану күн тәртібінен түспейді

Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенінде су ресурстарын пайдалану жөніндегі міндеттер де сарапқа түсті.

Биыл барлық тартылған судың шамамен 11,6 текше шақырымы егінді тұрақты суаруға берілген. Оның 97%-ы Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарына тиесілі болып, жалпы суару ауданы 1,61 млн гектар алқапты (ел бойынша 73%) құрады. Осындай деректер келтірген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев аталған кезеңде трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі 5322 су шығару құрылысына жөндеу жүргізіліп, 1512 шақырым магистральдік және шаруашылықаралық каналдарды реконструкциялау, механикалық тазарту жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның мәлімдеуінше, егіндіктерді суаруда коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалану үшін 67 сорғы қондырғысы сатып алынып, 107 мың гектарға су үнемдеу технологиялары қолданылған.

Келер жылдың вегетациялық кезеңіне қазірден бастап қам жасалып отыр. Ол үшін арнайы жоспар бекітілген.

Үкімет отырысында сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

ОБЛЫС ӘКІМІ ЕГІНДІ СУМЕН ҚАМТУДЫҢ МӘН-ЖАЙЫН БАЯНДАДЫ

Селекторлық жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, Президент және Үкіметтің қолдауымен су тапшылығын төмендетуге нақты шаралар қабылданғанын жеткізді.

– Мемлекет басшысы Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп, тиісті көлемде су бөлінуіне жағдай жасады. Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлініп, каналдар тазаланып, гидротехникалық нысандар жөндеуден өткізілді. 156 дана насос қондырғысы алынып, 52 ұңғыма бұрғыланды.

Нәтижесінде, егістік жерлер сумен толық қамтамасыз етіліп, табиғи мал азығымен қамтылу деңгейі жақсарып, көлдер жүйесі суландырылды. Бұл ретте  Сыр жұртшылығының Мемлекет басшысына және Үкіметке алғысы шексіз, – деді Н.Нәлібаев.

Өңірде су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл күріш егісінің көлемі 5 мың гектарға  қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін малазықтық, майлы дақылдармен қатар картоп, көкөніс, бақша егісінің көлемі ұлғайып, ирригациялық жүйелердің техникалық жағдайын жақсартуда жерді тегістеу арқылы су пайдалану мөлшерін азайту жұмыстары жүргізілді.

Аймақ басшысы өңірде тамшылатып, жаңбырлатып суару секілді су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 793 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілгенін тілге тиек етті. Бұл ретте шетелдік белді ғалымдармен жаңа тәсілдерді енгізу жұмыстары бастау алды.

– Бүгінде біз украиндық ғалымдармен әріптестік орнатып, тиісті жұмыстарды бастадық. Сонымен бірге 16 магистральді және шаруашылық каналдарды цифрландыру қолға алынуда.

Өңірде егіс көлемінің 60 пайызын сумен қамтамасыз ететін негізгі магистральді каналға су бөлуді автоматтандыру үшін Австралияның «Рубикон» компаниясы зерттеу жұмыстарына кірісті.

Аталған шараларды жүзеге асыру арқылы суды пайдалану тиімділігін арттыруға және инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді сақтап қалып, егін саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік жасалады, – деді Н.Нәлібаев.

Селектордан кейін облыс әкімі Үкімет тапсырмаларын орындау бойынша жиын өткізіп, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау басқармасына 2025 жылға дейін салынуы жоспарланған 27 медициналық нысан бойынша жұмыстарды тиімді түрде үйлестіріп, уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді жүктеді.

Алдағы жылдың егін егу маусымына дайындық шараларын алдын ала пысықтап, қыс мезгілінде «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзеніне түсетін суды қауіпсіз өткізу, оны тиімді пайдаланып, мүмкіндігінше көлдер жүйелерін толтырып, шабындықтар мен жайылымдарды суландыру, Арал теңізіне қажетті мөлшерде су түсуін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдап, ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.

Жиын соңында облыс әкімі бірлік пен тату тірліктің арқасында Сыр халқы Президент сайлауында ерекше белсенділік танытып, нәтижесінде 81,07%-бен үздіктер қатарынан көрінгенін атап өтті. Науқанға атсалысқан барша азаматтарға, учаскелік сайлау комиссиялары мен мүшелеріне, құқық қорғау органдары басшыларына және түрлі сала өкілдеріне, журналистерге алғысын білдірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<