Түгіскен массиві: Толғандыратын мәселе көп

2249

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 29 наурыз күнгі Парламент отырысында су мәселесіне қатысты: «Тағы бір мәселе – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті бізге оның алдын алу қажет. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал.

Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық» деді.

Мемлекет басшысы атап өткен мәселе біздің өңір үшін өте жауапты екені түсінікті. Мамандар, әсіресе тәжірибелі сала өкілдерінің пікір-ұстанымын негізге алу қажет. Осы ретте Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нұрмахан Елтай мен су шаруашылығының маманы, ардагер Жұмабек Қосдәуіровтің сұхбатын оқырмандар назарына ұсынамыз.

Айта кетейік, Жұмабек Қосдәуіров – Түгіскен массиві алқабындағы тың жерлерді игеру жұмысына белсене қатысқан білікті маман. Сұхбатта осы төңіректегі мәселе

сөз болды.

– Жұмеке, бұған дейін «Сыр бойы» газетінде «Сай-салаға қашқан су дарияға қайтсе қайта құяды?» атты мақала шықты. Осы мәселеге бейжай қарай алмайтындығыңызды білдірдіңіз. Әрине, газетте көтерілген мәселе Сізге жақсы таныс, дегенде өзіңізді не толғандырады, толықтырып тарқата баяндасаңыз…

– Сыр өңірінің азаматы ретінде аймағымыздың келешегі мен болашағына алаңдап, табиғи жерасты байлығы мен атакәсіп – мал және егін шаруашылығын қатар өркендетудің тиімді жолын жалғастыруды құп көреміз. Бұл орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аса бір қажырлылықпен, жаңаша ізденіспен жасап жатқан бастамаларына риза болып жүремін. Елдің әлеуетін көтеруде аймақтың ерекшілігін, әрине тиімді пайдалану қажет. Біздер, үлкендер тек сырттан тілектес болмай, мүмкіндігіміз жеткенше өмірлік жинақтаған мол тәжірибеге сүйене отырып, осы атқарылар істің басы-қасында жүріп, сөз жәрдем, қол көмегімізді беруге тиіспіз. Бұл өзімізден кейінгі толқындарға да өнегелі болғаны жөн.

Жұмыс тәжірибемнен білемін, Жаңақорған су шаруашылығы теңгеріміндегі сол жағалық «Түгіскен» егістік алқабында пайдаланған суды, егістіктен сыртқа қашыртқылайтын қуатты К-2 бас су қашыртқысы болса, оң жағалық алқаптан К-1 бас су қашыртқысы арқылы іске асырылып, Сырдария өзеніне қайта құю жоспарланған болатын.

– Ниет түсінікті. Ал оның нақтылай жүзеге асырылуы қандай дәрежеде?

– Айтайын, оның қазіргі жағдайы ешбір сынды көтермейді. Әсіресе, бас К-2 су қашыртқысы жобадағы талапқа сай су қабылдайтын мүмкіндігіне келтіріп толықтай тазаланбағандығына біраз жыл болды. Айталық, Сырдария өзеніне дейінгі құярлықтағы «Байкенже» елді мекенінен бастап, жоғарыда орналасқан «Қыркеңсе», «Өзгент», «Қожакент», «Түгіскен», «Келінтөбе», «Қаратөбе» ауылдық округтеріне қарасты, барлық алқаптағы ауыспалы егістіктен пайдаланған, артық суларды қашыртқылауға арналған бас К-2 қашыртқысы толық мәнінде өз қызметін атқаруға жоғарыдағы себеппен қауқарсыз болып қалуда.

Негізінен осы алқаптағы артық суларды қашыртқылайтын бас су К-2 қашыртқысының тазалау схемасын талдап көрсеңіз, тіпті сауатсыз, жадағай инженерлік шешім қабылдағанына куә боласыз. Мәселен, «Қаратөбе», «Келінтөбе», «Түгіскен» ауылдық округі аумақтарындағы егістік алқаптан шыққан судың көлемі К-2 қашыртқысын шүлпілдете толтырып, «Түгіскен» тұсындағы «Апанғақ» ауылына баратын көпірдің екі жақ беткейі де қазылмай, барлық сулар осында кідіріп тұр, яғни, мақалада атап көрсетілгендей, мол су Сырдарияға шамалы бөлігі ғана құйылып, қалғаны босқа жерге сіңіп, ауаға ұшып, жоғалуда. Демек, қазу реттілігін сақтамаудан табиғи ырғақтың бұзылуына жол берілген. Өйткені, жоғарыдағы «Қаратөбе», «Келінтөбе» егістіктің территориясынан шыққан су К-2 қашыртқысының ұлтаны тазаланғанымен, төменгі бөліктегі ауқымды су «Түгіскен» аумағының тұсынан өтпей қалған. Себебі, ортадағы «Түгіскен» ауылдық округ территориясы тұсындағы бас су К-2 қашыртқысының 10 шақырымдай ортадағы бөлігі тазаланбай, қайыр басып жатыр. Бұл – әрине, осы аймақтың экологиялық ахуалы нашарлауына әкелетін зардап. Бұл қателікті түзеп, елге де, жерге де пайдалы болуы үшін «Түгіскен» ауылдық округі территориясы тұсындағы бас су К-2 қашыртқысының 10 шақырымдай болатын ортадағы қазылмай қалған бөлігін және де ақаулығы бар өзге бөліктерді тез арада тазалау қажет. Мұны елдің талабы деп түсінген жөн.

«Арал мәселесі – Адамзат мәселесі» болып қала береді. Президент суландыру жүйелерін комплексті түрде суды үнемдеп пайдаланудың бірегей «Аграрлық бағдарламасын» ендіру есебінен қайта жаңғыртуды, Бірыңғай автоматтандыру нәтижесінде судың есебін қатаң бақылауға алудың қажеттігін, өткен жылдың қыркүйегіндегі халыққа Жолдауында баса айтып, осы салаға мән берді. Мұны халық үнін қолдау деп қуанып қалдық.

Менің ойымша, Жаңақорған ауданының дамуы және экологиялық ахуалы Сырдария өзені бассейнінің кепілді суымен қамтамасыз етілуіне және суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты. Ауданның күнкөрісін қамтитын негізінен Түгіскен массивті алқабын суландыратын «Келінтөбе бас магистральді» каналы. Бүгінде ауданда инженерлік жүйеге келтірілген 31615 гектарды құрайтын ауыспалы егістік жүйесі бар. Бұл тұтастай тізбектеліп, бірегей қатарласа орналасқан 10-нан астам ауылдық округті қамтиды.

Жаңақорған ауданының табиғи орналасуы, Сырдария өзенінің облыста бастау алатын бөлігі болғандықтан, суармалы жерлерінің алқабы құмшауыт болып, су сіңіріп кетуден судың жоғалу процесінің мөлшері артып отырады. Бұл, әрине, дақылдың суару нормасын арттыра түсуге әкеледі.

– Дария суын көп ысырап етпеу де, егілген дақылды судан қалдырмау да қажет, яғни, суға қатысты арба да сынбасын, өгіз де өлмесін қағидасын қалай жүзеге асыруға болады?

– Сырдария өзенінің соңғы кездердегі «Шардарадан» жіберетін су көлемінің жазда күрт азайып, дариядағы су деңгейі төмендеп кететініне көз үйренді. Болашақта да судың көлемі артпайды деген болжамға сай, суды үнемдеп, дақылдардың суару нормасын бірқалыпта сақтау мақсатында және жерасты суларын бірқалыпты тұрақты түрде ұстап қалуды жоспарлау өте маңызды болып келеді. Ол үшін дарияның «Көктөбе» учаскесінде орналасқан «Келінтөбе бас магистральді» каналының сағасынан жаңа су тоспасын салу қажет деп ойлаймын.

Еске сала кетейін, осыдан 50 жыл бұрын, 1973-1974 жылдардан кейінгі (маловодье) су тапшылығы болған жылдары, Түгіскен массивті алқабын түпкілікті суландырып, игеру мақсатындағы Бас жоспарда көрсетілгендей, осы жерден аса көп қаражат талап етпейтін су тоспасын салу межеленген болатын.

Осыған байланысты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Геодезиялық өлшеу жасап анықтадық. «Келінтөбе» каналының сағасындағы Сырдариядағы су деңгейінен 1,43-2,35 метрден астам қосымша жоғары деңгейлі су болатынын нақтылап, дәлелдеп берді. Оны тікелей ескі сағадағы бұрынғы су тоспасы арқылы «Келінтөбе» магистральді каналына тура төбеден биік деңгейлі суды құйдыру арқылы іске асатын болды.

Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Табиғат» ММК арқылы Сырдария өзенінен «Келінтөбе» каналына қосымша (подпитывающий) «Қоректендіргіш» 6 шақырым каналдың жаңа сағасын туралап қазуға жоба-сметалық құжат жасалды. Оған облыс әкімдігінің резервінен 11,8 млн теңге бөлінді. Жобалау жұмыстарын тендерден ұтып алған жобалаушы мекемеге трассасын көрсетіп, ұлтанының ені 10 метр болып откосының көлбеулігі 2 болатынын ескерттік. Енді оның толық жүзеге асырылғаны абзал. Бұл аудан шаруашылықтарында су тапшылығын болдырмауға негіз екеніне сенім мол.

Бұрыннан келе жатқан өте маңызды, жылма-жыл қайталана беретін бірқатар қиыншылықтар бар. «Келінтөбе» каналының бас жағындағы «Қожымқұмы» учаскесі тұсындағы канал арнасын жылма-жыл құм лайқасы басып, биіктігі 1-1,50 метрге дейін көміліп қалады. Мұның өзі төменде орналасқан елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз етуге кедергі. Егінді уақытылы суару мен мал суғаруға да қиыншылық туғызып, халықтың ренішін туындатады. Сондықтан көбінесе «Келінтөбе» каналын тазалап, бітірмей жатып, суды ағызып жіберуге мәжбүр болып келді. Дегенмен, болашақта осы мәселелерге назар аударылғаны жөн.

Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов суды қалай ұтымды пайдалану, су тапшылығын болдырмаудың алдын алу шараларын, әсіресе жоғарыдағы мәселені зерттеп-зерделеді. Қажетті мамандармен ақылдасты. Нәтижесінде аудандық бюджеттен қаржы бөліп, осы істің толық бітуіне қолдау жасады. Облыстық деңгейде құрылған жұмысшы тобының шешімімен, «Қаратөбе» ауылындағы көпірдің тұсынан үш көздік бетоннан жасалған «жедел ағыс» (перепад-быстроток) құрылғысы арқылы жоғары денгейлі суды «Сумағар» каналы арқылы құю жоспарланды. Оған қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылғаны да – игі істердің бірі. Ендігі жағдайда «Келінтөбе» каналында су деңгейін сақтап, ерте егілетін дақылдарды суаруға және суды мал шаруашылығына пайдалануға мүмкіндіктер туды. Бұл ерте келетін дария суын ысырап жасамай, дер кезінде пайдаланукөзі.

– Түгіскен алқабын игеріп, суландырудың 2-кезеңіндегі бас жоспарды жүзеге асыру туралы су мамандары тарапынан айтылып жүруші еді, мұнан не хабарыңыз бар?

– Әрине, мұның да мезгілі келген сияқты. Өйткені, «Сумағар» бас каналы өткен жылы күрделі тазалаудан өткізілді. «Қызылқұмда» мал шаруашылығы мен егін, малазықтық дақылдар көлемін бірнеше есе арттыруға болады. «Көктөбе», «Қандөз», «Қаратөбе» ауылдық округіндегі осы аймаққа жақын орналасқан «Қызылқұм» алқаптарындағы бос жатқан, бұрындары игеріліп, орман фондына өткен жерлер қайтарылса, төрт түлік малды өсіруге қолайлы аймақ болып саналады. Жекелеген инвесторларды шақыруға да болатындығын ескерген жөн.

«Түгіскен» алқабын суландырудың 2-кезеңіндегі бас жоспарға сәйкес белгіленгендей, сағасы өзінен жоғары 7 шақырым жоғарыда орналасқан жерден қазылуы тиіс болатын. Сонда, «Сумағар» каналындағы су деңгейінің биіктігі 3 метрден астам болып, «Келінтөбе» бас магистральді каналына қосылып, су көлемі молая түседі. Су деңгейін барынша жоғары көтеретін болады. Сонда Сырдариядағы судың аз көлемдегі деңгейіне қарамай, мейлінше егістік алқаптарда су тапшылығын болдырмауға жағдай туар еді.

– Жаңақорған ауданындағы «Тайпақкөл-Қандыарал» көлдер жүйесін қалпына келтіру мақсатында жаңадан «Сығанақ» су сағасын қаздырып құйдыру туралы не айтасыз?

– Әрине, Сырдарияның оң жағасын суландырудың қазіргі жағдайын ұмыптауымыз керек. Жаңақорған кентінен жоғары орналасқан «Кейден» ауылынан су алатын «Тайпақкөл бас су каналының» сағасынан, Сырдария өзенінің бұрынғы арнасы төменге, батысқа қарай ауып, бұрылып кеткен. Сөйтіп, канал сағасына су келмей құрғап қалған. Суы жоқ шөлді аймақтарға айналып, ортадағы «Қандыарал» көлдер жүйесінің алқабы сусыз болып, экологиялық ахуалы ушыға түсіп, зиянды зардаптарын көріп келе жатқан осы аймақтағы тұрғындардың заңды реніштерін туғызуда. Осы көлдер маңайына жақын орналасқан отбасылардың есік алды жеміс ағаштары, бау-бақшалары мен көкөністері су жетіспеуі салдарынан қурап қалып жатыр. Малазықтық дақылдарының жетілмей, піспей қалуы салдарынан мал ұстау мүмкіндігі төмендеп, тұрғындардың өзін-өзін азық-түлікпен қамтуға деген ынта-ықыласы азаяды. Мұны болдырмау керек.

Сонымен қатар, ауданның батыс бөлігінде, жоғарғы және төменгі жақтарында орналасқан аудан халқының үштен бірін құрайтын 11 елді мекенді («Бөртескен», «Кейден», «Жаңаауыл», «Санатория – Әлімкөл», Жаңақорған кенті, «Ызғар», «Жайылма», 24-ші разъезд немесе «Бөріойнақ», «Төменарық», «Сүттіқұдық», «Қожамберді», «Сунақата») аяқсумен қамтамасыз ету бірнеше жылдардан бері өзекті мәселеге айналып отыр.

Осы жоғарыдағы көрсетілген, күрделі мәселені шешу мақсатында ертеректе Сырдария өзеніне №27 разъезі – «Бөріойнақ» маңынан өзенге жеңілдетілген негізде оң жағалық алқапты суландыратын, «Жаңақорған-Шиелі» массивіндегі 30000-50000 гектарлық жатқан суармалы тың алқапты игеру мақсатында су тоспасын (плотинасын) салу жоспарланған. Өкінішке орай, Шиеліден Жаңақорған өз алдына бөлініп, аудан болғаннан кейін аяқсыз іске аспай қалған.

Ертеде ол жерлердің төмен және тегіс алқаптар болуынан, су тарту деңгейі қарқынды болып, Сырдарияның ескі арнасы сол бағытпен аққан. Мұның өзі кезінде «Жаңақорған-Шиелі» массивті алқабын суландырудың кешенді жоспарлануына басты негізі болған деп есептеймін.

Жалпы су шаруашылығындағы жағдай әбден зерттеліп, сүзгіден өтуі тиіс. Ескі тәжірибелерден сабақ алған да жөн. Оның үстіне су мамандарына көңіл бөлмей, көп мәселе шешілмейді.

Сұхбаттасқан

Нұрмахан ЕЛТАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<