Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектепті әр жылдары бітірген түлектер сүйікті мектептеріне бас сұғып, «Samgau» форумында тәжірибелерімен бөлісті.
Назарбаев Университетінің 3 курс студенті Гүлдана Сабитова түлектер форумында медицина ғылымдар мектебіне түсу және білім бағдарламасының ерекшеліктерімен таныстырды. Сонымен қатар студенттік клубтар жұмысы мен қызықты жобалары туралы баяндады.
– Кезінде мен де түлектер кездесуінде жоғары оқу орнына түсу туралы ақпарат алып, университет пен мамандық таңдауға ықпалын тигізген болатын. Мектептің беріп жатқан барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, мамандық таңдауда қателеспеу керек дегім келеді.
2013 жылдан бері мектептен 920 түлек қанат қақты. Оның 184-і Назарбаев Университетіне, 65-і шетелдік жоғары оқу орындарына, қалғандары отандық университеттерге оқуға түсті. Грантқа түсу көрсеткіші 95.3% құрады.
– Мен үшін NIS – мүмкіндіктер мекені. Өмірге деген көзқарасымыздың іргетасы, бір идея, бір мақсат аясында біріктірген орта. Бүгін тәжірибемізбен бөлісіп, сүйікті ұстаздарымызбен қауышқаныма қуаныштымын, – дейді 2021 жылдың түлегі Мерей Сембай.
Alumni NIS қауымдастығының бастамасымен өткізілген «Samgau» форумында әртүрлі тақырыптық секциялар ұйымдастырылып, жоғары сынып оқушылары кәсіби бағдар алды. Сонымен қатар, Alumni NIS ұйымының жұмыс бағыттары туралы ақпарат беріліп, оқушылар викториналық ойындарда көңіл көтерді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<