Түлектерге таптырмас мүмкіндік

309

0

Мамандық бойынша жұмыс іздеу мен жұмыс істеу – жастар үшін бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі. Осы орайда Студенттер сарайында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаменті, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бірлесуімен «Mansap Navigator 1.0» түлектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Маңызы жоғары шараның басты мақсаты – ЖОО бітіруші жас мамандарды тұрақты жұмысқа орналастырумен қатар, халық үніне құлақ асатын ашық мемлекетті қалыптастыру жолында әлеуметтік сала, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында түлектерге берілетін ақпараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және олардың жұмыс берушілермен еркін түрде сұхбаттасып, жүздесулеріне ықпал жасау. Аталған жәрмеңке дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде бітіруші түлектер өздеріне керекті жұмыс орындарымен танысып, оған орналаса алады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова іс-шараға келген жұмыс берушілерге алғыс айтып, түлектерді мансап жолындағы алғашқы қадамымен құттықтады.

– Түлектерді жұмысқа орналастыру – жоғары оқу орындары жұмысының маңызды көрсеткіші. Өткен жылғы бітірген түлектердің жұмыспен қамтылуы 83% құрады. Бұл мамандардың жоғары сұранысқа ие екенінің дәлелі бола алады. Университет түлектерінің басым көпшілігі  бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып, барлық өңірінде білімін іс жүзінде дәлелдеп, өздерін мықты маман ретінде көрсетуде деп сеніммен айтамыз.  Осы жылы 2692 адам оқуды аяқтайды. Олардың ішінде бакалавриат бағыты бойынша 2299, магистратура бағыты бойынша 383 және докторантура бойынша 10 түлек бар. Олармен жыл бойы университеттегі барлық білім беру бағдарламасының рекрутинг және мансап басқармасының мамандары тығыз жұмыс жасап келеді. Заманның тұтқасы – бүгінгі студент жастар. Ендеше, мансап жолындағы алғашқы қадамдарыңызға сәттілік тілеймін! – деді ол.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департамент басшысы Е.Мендалиев мемлекеттік қызметке орналасу туралы ақпараттар беріп, жұмысқа қабылдау барысындағы талаптар және бос жұмыс орындары туралы айтып өтті.

– Президенттің мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және одан шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасы бар. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру, «Б» корпусының лауазымдарына алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарды іріктеу, жұмысын бағалауға қатысты баптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Өзгеріс негізінде ЖОО-ны мемлекеттік тапсырыс негізінде бітірген, 3,33 GPA көрсеткіші бар студенттердің «Б» корпусының жоғары емес лауазымдарына конкурссыз, тікелей уәкілетті органның келісімімен тағайындалатынын назарларыңызға ұсынып отырмын. Енді бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға барар тұста заңнама бойынша тест тапсырмайсыздар, жеке қасиеттерді бағалау бойынша тестілеуден өтпейсіздер. Бар болғаны уәкілетті органның келісімін алу арқылы тағайындала аласыздар. Өз кезегінде уәкілетті орган, яғни мемлекеттік қызмет істері департаменті біліктілік бойынша мамандықтың сәйкестігін қарап береді. Бұл бағытта бізде тәжірибе де бар. Бүгінгі күнге заңнама аясында ЖОО-ны аяқтаған төрт түлек мемлекеттік қызметкер лауазымына ие болды, – деді департамент басшысы.

Сонымен бірге облыстық еңбек мобильділігі орталығының жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері бойынша мониторинг бөлімінің басшысы А.Самыратов «Skills.enbek.kz», «enbek.kz» мемлекеттік ақпараттық порталдары туралы, жұмыс іздеуге қатысты ақпараттарды бөлісті. Айта кетейік, шараға 30-дан аса мемлекеттік және жекеменшік мекеме өкілдері, 600-ге жуық түлек қатысты. Жұмыс берушілер тарапынан 200-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Шара соңында түлектер жұмыс берушілермен сұхбаттасып, бағдарламаларға қатысты сұрақтарына жауап алды.

– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының 4-курс студентімін. Жәрмеңкеде жастар практикасы бағдарламасына қатысты кеңес алып, сұрақтарыма жауап тауып шықтым. Аймақта жұмыс орны аз, жұмыс іздеушілер көп. Сондықтан енді ғана оқу бітірген түлекке осы бағдарламадан артығы жоқ секілді.

Мамандығыма қатысты жыл сайын тәжірибеден өтіп, сабақ арасында тегін жұмыс істеген кездерім де бар. Оның өзі маған ұнайтын. Бұйырса, оқу бітірген соң білімімнің жемісін көргім келеді, – дейді Шәкизат Олжабай.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<