Мен, репрессияға ұшыраған «халық жауы» балаларының, келіндерінің соңғы ұрпақтарының бірімін. Туып-өскен жерім – Қызылорда облысының Арал ауданы. Жасым 82-ден асты. Теледидар алдында отырып Елбасының мәлімдемесін, оның сабыры мен түр-тұлғасын зерделеп отырдым.
Өкілеттілікті өз еркіңмен тоқтату оңай шешім емес. Ол парасат биіктігінің, ерік-жігері мықтылығының, халықтың қамқоршысы екенінің айғағы. Ой-санам артта қалған жылдардың соқпақтарын аралап кеткенде көшіп-қонған елдей болдым.
Егемендіктің алғашқы жылдарындағы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылдағанда да алғыс білдіргенмін.
Әкем – Лекеров Көбеген Арал ауданында колхоз төрағасы болып қызмет атқарып тұрған 1937 жылдың қараша айында Мұса Дайрабаевпен бірге Ақтөбе облыстық НКВД үштігінің қаулысымен біреуі 10 жылға бас бостандығынан айырылса, екіншісі ату жазасына кесілген болатын. Ал атам (жұбайымның әкесі) Балапан Ақжанов 67 жыл ғұмырының 22 жылын Ресей Сібіріндегі «халық жауларына» арналған лагерьлерде өткізген. 1959 жылы Тайга колониясынан елге келіп, 10 жыл Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің көз қырында болып өмірден озды. Ол кісінің зайыбы – Зейфун ханым (енем) «халық жауының» әйелі болғаны үшін қуғын-сүргін зардабынан 28 жасында өмірден өткен. Жұбайым – Нәби Балапанов (1928 ж.) балалық шағын «халық жаулары» балаларымен бірге балалар үйінде өткізген. Ресейдің Пермь қаласынан 1952 жылы елге оралған. Олар бұл күнге жетпегенімен елінің болашағына сенді. Бүгінгі таңда ақталған, «саяси қуғын-сүргін құрбандары» деген мәртебе берілген ХХІ ғасырдың рухы биік азаматтары.
Олар елді басқарып, халқына қызмет ететін ұрпақты армандады. Ол бақыт бізге бұйырды. Нұрсұлтан Әбішұлының: «елімді тәуелсіз етем, болашақ ұрпақтың бақытына жол салам», – деген Алаш азаматтарының армандарын орындағаны үшін ризамын.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жариялап, іске қосып, қысқаша айтқанда «қазақ халқының өшкенін жандырып, кеткенін келтіргені үшін», ата-бабалар аруағы риза болар.
Елбасы тәжірибесі мен сіңірген еңбектері арқылы мемлекетті биік мақсаттарға бастады.
«Өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді», – деген жан толқытып, жүрек тербеген сөзін қайталай отырып, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру үшін жасаған еңбегі жемісін бергей деп тілеймін.
Күлпаршын БАЛАПАН,
Атырау.
Егемен Қазақстан.
Атырау.
Егемен Қазақстан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<