Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының беташарын: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деген жүрекжарды сөзімен ашыпты. Иә, кітаптың әрбір сөзі, сөйлемі бізге таныс, жақын. Себебі біз бұл тарихтың, дәуірдің куәсі болдық.
Елбасының аталған кітабында қазақстандық даму үлгісінің табиғаты мен оның эволюциясы, ақылмен ойлап, жеті рет өлшеп, бір кескен, толғанған, тарыққан, жол тапқан, тәуекел еткен, туған халқына сенген, ел сенімін ақтасам, халқымды бақытты етсем деген армандары, ұшқыр шешімдері сөз болады. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «…Ұлт көшбасшысы қандай болуы қажеттігі және оның артатын жүгі қаншалықты екенін мен талай рет ой елегінен өткізгенмін. Мен үшін ұлт көшбасшысы болу – миллиондаған отандастарың үшін, өз халқыңның тағдыры үшін бүкіл жауапкершілікті арқалау деген сөз. Халқыңның туған перзенті болсаң, еліңмен етене өмір сүрсең, құндылықтарың мен мақсаттарың жұртыңмен ортақ болса ғана ондай орасан жауапкершілікті көтере аласың» дейді. Осы тұста сонау көне Түркі қағанаты заманындағы тасқа ойылып жазылған «Бектері де, халқы да сенімді екен, Сол үшін елін сонша билеген екен, Ел ұстап, заң жасаған…» деген сөз тіл ұшына оралады. Көшбасшыға деген халық сенімі 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш Президент сайлауында көрінді. Ғасырлап күткен еркіндігі, азаттығы келіп жеткеніне қуанған халық, ақсарбасын құрбандыққа шалып, Жаратушыға алғысын айтып, тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Президентін сайлауға тайлы-тұяғы қалмай барғанын, бірін-бірі құшақтағанын, қариялардың көздеріне жас алғанын біз көзімізбен көрдік. Жасыратыны жоқ, біз де қуаныштан жылағанбыз. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздіктің ақ таңы атқан сәтте қуанбаған ел болмады. Қазақ елі етек-жеңін тез жинап, кеудесін тіктеп, алға басты. Оның бір сырын біз былайша түсіндік – халқымызда «қарғыс алма, алғыс ал, сонда ғана көктейсің» деген қағида бар. Кеңес Одағы ыдырап, абдырап тұрған кезде Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ Қазақстан қандай болады, қайткенде елім бақытқа кенеледі?» деген ойдың шырмауында болғаны анық. Бүкіл әлем Кеңес Одағының тарап кеткен 15 еліне назарын тікті, әрекетін бақылады. Сондай бір сынақ уақытта әлемді таңғалдырған да, ойландырған да бір ұлы іс атқарылды. Ол – Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы болатын. Бұл оңай шешім емес еді. Осы жөнінде Елбасы: « … Бәске ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздік тігілді. Таразының бір басында, өзіміздің әскери қуатымыздың ресурсы ретінде ядролық әлеуетті сақтап қалу, ал екінші басында өзіміз ядролық қарусыз болашақ таңдап, одан бас тарту арқылы бүкіл жер жүзіне біздің мақсатымыз күшімізді қару-жарақ жинаумен дәлелдеу емес екенін көрсету тұрды» деп жазады. Басқа ел жасай алмайтын ерлікті Қазақстан жасады. 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша тіршілікке, Жер-Анаға, адамзатқа апат әкелетін, өлім әкелетін, кесел алып келетін ядролық қарудан бас тарттық. Бұл шешімге күллі әлем де, алыс-жақын елдер де қуанған-ды. Сөйтіп бейбітшілікке таңдау жасаған Қазақстанның бүгінгі таңда әлемнің қарқынды дамыған елдерімен терезесі тең мемлекетке айналуының бір сыры осында деп ойлаймын. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын, 130-ға жуық ұлт өкілі мекендеген Қазақстан халқын бір отбасындай ұйыстыра білу, бірлігі мен ынтымағын сақтау оңай еместігі анық. Сондықтан Елбасының ең бірінші ұстанымы ел бірлігі, достығы мен ынтымағы болды. Осының нәтижесінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің елдің бейбітшілік, достық символына айналды. Ол туралы Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «1995 жылдың 1 наурызында мен Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Сол арқылы басты міндет мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының әріптестігі негізіндегі этностар мүдделерінің бірігуін қамтамасыз ету, тиімді этносаралық қарым-қатынас жүргізу және ортақ саяси, құқықтық, мәдени орта қалыптастыру болып табылатын жаңа консультативті кеңес органы құрылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы басынан бастап этностық топтар өкілдіктерінің механизмі, мемлекеттік этностық саясатты жүзеге асырудың маңызды институты есебінде ойластырылды» деген еді. Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының «Көші-қон керуені. Атажұртқа оралу» бөліміндегі толғамалы сөздері өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы халықтың тұрмыстық жағдайын көз алдымызға келтірді. Экономикалық тоқырау, жұмыссыздық, дүкендердегі кезектер, талондық режім ертеңімізге сенімді азайтқаны белгілі. Бірақ Президенттің басшылығымен, салиқалы саясаты арқылы тығырықтан шықтық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік саясатта да өте ықпалы зор тұлғалармен еркін диалогке шыға білді. Олар Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Борис Ельцин, Цзян Цзэмин, Ли Куан Ю, Франсуа Миттеран, Джон Мейджор, Сүлейман Демирел және саясаттың тағы басқа тарландары болатын. Әлемдік деңгейдегі саяси көшбасшылардың әрқайсысымен әңгімеде Нұрсұлтан Назарбаев елдің мүддесіне сай қадамдар жасады. АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Сингапур және т.б. дамыған алпауыт елдердің басшыларымен кеңесе отырып, олардың жүрген жолын саралай білген Елбасы Н.Назарбаев қазақстандық дара жолды таңдады. Ол жолды басқа жұрттың жолымен шатастыруға болмайтынын сезінді. Себебі аспан ортақ, жер ортақ болғанмен, әр ұлттың өмір сүру мәдениеті, дәстүрі, тілі, ділі, тарихы басқа. Елбасының көрегенділігінің арқасында еліміздің ақылмандық сапасын арттырудың жаңа жобасы іске қосылды. Ол – «Назарбаев Университет» және Назарбаев зияткерлік мектептері. Елбасы «Сапалы білім мен ғылымсыз Қазақстанның келешегі жоқ! Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятып, жүзеге асыруға мүмкіндік беретін интеллектуалдық төңкеріс қажет. Ең алдымен жастардың білімге және парасаттылық көзқарасын өзгертетін уақыт жетті. Бізге халықаралық деңгейде бәсекелесуге қабілетті жан-жақты мамандар керек!» деген ойын жүзеге асырудың жолын тапты. Білімсіз, ғылымсыз алға басу болмайтынын жастардың санасына құйып, жастармен әр кездесуінде оларға сенетінін, болашақта ел де, жер де өздеріне аманат екендіктеріне көздерін жеткізіп сөйледі. Назарбаев университеті студенттерімен кездесуінде Президент «Сендер, қазіргі жастар, тәуелсіз Қазақстанда өстіңдер, сендердің көз алдарыңда біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасуы жүрді. Сендер ана сүтімен бірге бойларыңа патриотизм және өз тәуелсіз Отандарыңа деген сүйіспеншіліктің терең сезімін дарыттыңдар. Мен біздің жастарға сенемін. Сендердің білімдерің, сендердің күш-жігерлерің мен сендердің еңбектерің күшті де өркенді Қазақстанды орнатуға жұмыс істейтініне сенімдімін» деген болатын. Әлем мойындаған ірі тұлға, ұлы саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев жастардың сенімін оятты. Бүгінде Назарбаев университеті әлемдік деңгейдегі халықаралық оқу орнына айналып, 4269 студент білім алуда. Оның Фаундейшн бағдарламасында – 708, бакалавр – 2586, магистрлер – 806, PHD студенттері – 99, «Медицина докторы» бағдарламасының студенттері – 70. Ал халықаралық студент саны 30-ға жуықтайды. Назарбаев университетінің түлектері Карнеги-Меллон университеті, Колумбия университеті, Дьюк университеті, Цюрихтегі Швейцарияның жоғары техникалық мектебі, Лондонның империялық колледжі, Король Абдалла атындағы ғылыми-технологиялық университет, Лондонның экономика және саяси ғылымдар мектебі, Массачусетс технологиялар институты, Стэнфорд Университеті, Сингапурдың Ұлттық университеті, Сеулдің ұлттық университеті, Токио технологиялық институты, Цинхуа университеті, Висконсин-Мэдисон университеті тәрізді әлемнің беделді оқу орындарында білімдерін жалғастырып жатыр. Олардың алды ғылым магистрі, ғылым докторы болып оралып жатыр. Негізі өз түлектеріміздің бірқатары бастапқы қанат қағып ұшқан білім ордасына оралып, қызмет жасауда. Игіліктердің қайнар бастауын іздеген әрбір қазақстандық, соның ішінде Назарбаев университетінің түлектері, студенттері өз елі Көшбасшысының әлемдік тәжірибедегі тұлға феномені екендігін мойындайды әрі мақтан етеді.
Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,
педагогика ғылымдарының докторы,
«Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры.
«Егемен Қазақстан» газеті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<