Отан десе жұдырықтай жұмыр жүрегім тыным таппай, жан-дүнием алай-дүлей күй кешеді. Мұның бәрі бабамның қаны, анамның сүті арқылы дарыған Отансүйгіштік қасиеттің көрінісі деп білемін. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан байтақ жерді жұмақ еткен тұяғы текті, сүйегі асыл Қазақ деген қасиетті елдің азаматы екенімді қай жерде де мақтанышпен айтарым хақ.
Бодандықтың бұғауын бұзып, бостандықтың бал дәмін татқан текті елім тағдыр тезгісіне түсіп, сан жылдар бойы тентіресе де, тілі мен дінін жоғалтпай, салт-дәстүрін сақтап қалды. Найзаның ұшымен, білектің күшімен, бабамның қан суарған қылышымен тасқа қашалып жазылған тарихымыз қашанда қымбат. Тәуелсіздіктің арайлап атқан ақ таңын тамсана тамашалап жүрген біздер бақыттымыз.
Сондықтан да, «Отаным – Қазақстан» деп ұрандайтын ұлы дала иесі атануымыз керек. Кемел келешектің кілтін тауып, жарқын болашақтың биігіне бастар даңғыл жолдан адаспай, дамыған елдермен терезесі тең түсетін мемлекет атану үшін барымызды салып, адал қызмет атқарудамыз. Себебі, атадан балаға мұра болып қалған жазиралы жерімізді, аққу дауысы қиқулаған айдын көлімізді, қонақ келсе қойын сойып ұсынатын киелі төрімізді сақтап қалу бізге сын. Қазақстанның қарыштап дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосып, елбасымыздың «Мәңгілік ел» атану мұратын асыл етуіміз керек.
Спартактың: «Адам алаң үшін емес, тәуелсіздік үшін жаралған» деген құнды сөзін көзім шалып қалғаны бар еді. 1986 жылдың 16 желтоқсанында жастық жалынын жалау етіп, алаңға щыққан боздақтардың басты арманы Тәуелсіздік емес пе еді. Тәубе… Ол күн де туды. Тәуелсіздік таңы атып, Егеменді ел атандық. Тұңғыш президентімізді сайлап, Ата заңымызды қабылдадық. Төл теңгеміз айналымға түсіп, ұлттық рәміздеріміз бекітілді. Ел тарихының әр парағы алтын әріппен жазылып, келер ұрпақтың құнды қаруына айналды. Тәңірден берілген тәтті сыйды қастерлеп, әлемдегі азулы елдердің көшін бастар кемелді ел атануға бағыт алдық. Бұл мақсатқа жету үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлігімізге берік болайық. Жұдырықтай жұмылсақ, берекемен бастаған әр тірліктің қайырымы болатынына сенімім мол. Мен үшін Отан – жан сезімі! Қайда жүрсең де оралғың келетін жердегі жұмақ мекен. Менің Отаным – түтіні бұрқыраған әдемі ауыл, жұпар иісі аңқыған жазық дала, қыраны қалықтаған көк аспан, жылқысы тұяқ тепкен сары жайлау, толқындары ойнақтаған тұнық теңіз, төбесін бұлт шалған толағай таулар…
Тізбектей берсем, тереңіне бойлап, сөз таппай тосылып қалатындаймын. Қазақстандай жері шұрайлы, шөбі шүйгін өлкенің сұлулығын сөзбен суреттеу мүмкін емес. Даласындай дархан пейілі мен сарқырап аққан суындай таза көңілі бар қазақ жұртын қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күннен ажырата көрмесін. «Отаның – алтын бесігің», «Отаны жоқтық – нағыз жоқтық», «Бұлбұл гүлзарын сүйеді, Адал адам Отанын сүйеді» – деп дана халқымыз бекер айтпаған.
Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау – әрбір азаматтың бірінші міндеті. Міне, тұғырымызды тегеурінді еткен, татулық пен тұрақтылыққа таған, ырыс пен ыждақаттылыққа нышан, бірілік пен берекеге белгі, енші алған елдігімізге ен болған қасиетті Тәуелсіздік атағы аспанмен таласқан елдермен тереземізді тең етер, алмағайып заманда қазақы рухымызға дем берер құндылығымыз. Тәуелсіздігіміздің бағасын бағамдау, қадір-қасиетін арттыру сіз бен біздің басты парызымыз. Ол үшін тау қопарып Толағай атанбасақ та, кеудеміздегі кішкентай жүрекпен шеті мен шегі шексіз алып Отанымызды шын жүрекпен сүю жеткілікті. Туған жердің кереметін жыр моншақтарына тізген ақиық ақын болмасам да, еліне адал қызмет атқарып жүрген азамат ретінде Отандастарымды қасиетті мерекемізбен құттықтаймын.
Бақытжан Нұрмаханбетов,
Қызылорда гарнизонының
аға прокуроры
Қызылорда гарнизонының
аға прокуроры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<